Бүгін Мәжіліс 2023 жылы 27 қарашада Астанада қол қойылған Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы тең негізде мәдени орталық ашу туралы келісімді ратификациялады. Бұл қадам екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Келісім аясында екі ел астанасы Астана мен Бейжіңде мәдени орталықтар ашылады.
Бұл мекемелер аталмыш мемлекеттер аккредиттеген және қабылдаушы тараптың заңнамасы шеңберінде әрекет ететін, коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істейтін болады.
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдени орталықтарды ашу Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара мәдени байланысқа жаңа серпін беретінін атап өтті.
«25-27 ақпан күндері Қытайға барған сапарымызда орналасқан жермен таныстық. Бейжіңдегі ауданы шамамен 730 ш.м-ге дейін жететін қазақстандық мәдени орталық «АРТ-ЗОНА 798» мекенжайы бойынша орналасатын болады. Ғимараттың 1-қабатында қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасының элементтерін қамтитын реконструкциялар ұсынылатын мұражай экспозициясы залы болады. 2 қабатта конференц-зал, оқу залы және кітапханадан тұратын көрме алаңы орналасады», – деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.
Қазақстандық мәдени орталық қызметінің негізгі бағыттары:
▪️Оқу залын ашу, коворкинг аймағын жасау, келушілерге қазақстандық ұлттық электрондық кітапханасын, қазақстандық БАҚ, оқу орындарының сайттарын қолжетімді ету;
▪️Қазақ тілі курстарын өткізу;
▪️Қазақстан тарихы бойынша тұрақты және жылжымалы көрмелер ұйымдастыру, виртуалды мұражай енгізу (3D-турлар);
▪️Конференциялар, семинарлар, симпозиумдар өткізу, Қазақстан тарапының көркемдік ұжымдары мен жекелеген орындаушыларының өнер көрсетуіне мүмкіндік жасау;
▪️Отандық фильмдердің көрсетілімін ұйымдастыру.
Бейжіңдегі қазақстандық мәдени орталықтың негізгі қызметі қазақстандық мәдениетті насихаттау және шетелдегі туристік әлеуетті дамыту.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі