Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай, шығыстанушы, Мысырдағы мәмлүктер тарихын зерттеуші, арабтанушы Қайрат Сәкидің «Сұлтан Байбарыс», «Ер қаруы – бес қару», «Юрта на вершине пирамиды» кітаптарының тұсаукесері өтті.
“Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің Ғылым және инновация департаментінің ұйытқы болуымен өткен шараға ғалымдар мен жас ғылым ізденушілер қатысты. Тұсаукесер тізгініндегі “Нұр-Мүбарак” университеті Ә. Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Шамшадин Керім автор жайлы жан-жақты түсіндіріп өтті.
Алғы сөз сөйлеген “Нұр-Мүбарак” университетінің реткоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат ел арасында Бейбарыс аталып кеткен батыр бабамыздың Мысыр елі үшін қаншалықты маңызды тұлға екеніне тоқталды. Сондай-ақ проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев “Нұр-Мүбарак” университетінің Мысыр мен Қазақстан арасындағы алтын көпірге айналғанын алға тартып: «Өткен жылы Сайлау Батыршаұлының дешті-қыпшақ пен мәмлүктер арақатынасын зерттеген еңбегін жарыққа шығарып, кітап тұсаукесерін өткіздік. Бүгінгі шара соның жалғасы іспетті. Әрі Қайрат Сәки ағамызға университетке келгені үшін алғысымыз зор. Сұлтан Байбарыс тек мемлекет басшысы емес, дін жолында қызмет еткен тұлға. Біз оны әл-Фараби секілді халыққа таныта алдық па деген сауал бар. Алдағы уақытта сұлтан бабамыздың діни-ағартушылық қырларын халыққа таныстыру қажет. Мысырлықтар батыр бабамызды мектеп деңгейінде оқытуы бізді де қамшылауы тиіс», – деді.
Тек араб халқының тарихына ғана емес, ислам өркениетіне зор үлес қосқан бабаларымыз аз емес. Осы жайлы айтылған жиында кітап авторы көне араб қолжазбаларында түркілер әуеліде нағыз «баскесердей» сипатталса, уақыт өте олардың құтқарушы қаһармандық деңгейге дейін көтерілгенін атап өтті. Қасиетті Құранда түркілер жайлы айтылғаны да сөз болды. Дегенмен отандық ғылым саласының салмақты өкілдерінің басын қосқан жиында «сұлтан Бейбарыс па әлде Байбарыс па?» деген сауал қозғалып, бұл есімге қатысты түрлі уәждер талас-тартысқа түсті. Демек, бұл тақырып әлі жалғасын табады деген сөз.