Түркияға көмекке барған қазақстандық құтқарушылар басқа әріптестерімен бірлесіп үйінді астынан зардап шеккен әйелді шығарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
“Түркияға келген қазақстандық құтқарушылар күрделілігі жоғары объектілерге бекітілген болатын. Өткен тәулікте бірінші топ өте көлбеу келген алты қабатты үйді зерттеді, үй шөгіп жатыр, құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеуде. Блоктан шығару және үйге кіру жүргізілді, іздестіру кезінде қаза тапқан 3 әйелдің денесі табылып шығарылды, үйінділерді тазарту, құрылыс конструкцияларын шығару жүріп жатыр», – делінген хабарламада.
Екінші топ толығымен қираған 9 қабатты екі үйді тексеруге алды. Сонымен қатар жергілікті құтқарушылармен бірге тірі адамды – зардап шеккен әйелді шығарып алды.
Осы объектіде құтқарушылар бір адамның денесін тапты. Қирау орнында күрделі жағдай қалыптасуда. Құтқарушылар үйінділер арасынан адамдарды жылдам іздестіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде.