Сұрақ: «Қазақ бір жерге ғана кешікпей барады, ол – ауызашар» деп әзілдеп жатамыз. Негізі ауыз ашуға асыққан дұрыс па?
Жауап: Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала: «Құлдарымның ішінде Мен үшін ең сүйіктілері – ауыз ашуға асығатындары» – дейді», – деп айтқан (Әбу Хурайдан имам Термези жеткізген).
Мұсылман адамның ауыз ашуға асыққаны әбестік емес, сүннет. Бірақ, мына жағдайды естен шығармаған дұрыс: пайғамбар (с.ғ.с.) бұл жерде ауыз ашатын уақытты кешіктермеуді еске салып отыр. Кейбір адамдар ауызашар уақыты кірсе де «шаруамды бітіріп тастайын» деп уақытынан қатты кешіктіріп алып жатады. Бұлай жасау дұрыс емес.
Мұсылман адам күн ұзақ «мен оразамын» деп демалып, жұмысының барлығын түстен кейінгі уақытқа жинап қойып отырмайды. Ондай адам міндетті түрде «ауызашарға асығу қажет» деп жұмысының барлығын асығыс һәм шала жасамақ.
Сол сияқты «оразаға асығу керек екен» деп басқаларға жәбір көрсетпеу қажет. Мысалы, дүкен кезегінде тұрып «мен оразамын, асығыспын» деп кезектен тыс өтіп кетуге әрекет жасау т.б. Ораза ұстаған адам ауыз ашатын уақытын алдын ала біліп, кейін соған сәйкес жоспарын жасайды.
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мына жақтан түн келіп, мына жақтан күн батса, ораза ұстаушының ауызы ашылады», – деген (Омар Ибн Хаттабтан имам Бұхари және Мүслим риуаят қылған).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ