Сұрақ: Қаза болған таң намазын қай уақытта оқыған дұрыс?
Жауап: Міндеттелген (парыз, уәжіп) құлшылық түрлерін өз уақытында орындауды «ада» десе, құлшылық уақыты өтіп кеткен жағдайда өтеуді «қаза» деп атайды. Шариғатта себепсіз құлшылықтарды (парыз, уәжіп) қазаға қалдыру күнә. Таң намазының парызы мен сүннетінің қазасын сол күні күн шыққаннан шамамен бір сағат өткеннен кейін және бесін намазына шамамен жарты сағат қалғанға дейінгі аралықта оқуға болады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Кімде-кім намазды ұмытса, оны еске түсіргенде оқып алсын. Оның бұдан басқа кәффараты (өтемі) жоқ» деген. Қаза қылып намаз оқуды әдетке айналдырып алмағаны абзал. Уақытылы оқылған намаз Алла үшін ең сүйкімді амалдардан екенін ұмытпағанымыз жөн.
Икрам АЙТАЕВ