Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық мұсылмандарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.
“Қымбатты отандастар!
Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мəн-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мəн берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.
Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді.
Дін мен дəстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының əрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін.
Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор ден саулық, амандық, толайым табыс тілеймін” делінген құттықтауда.