Атақты сахабалардың бірі, ардақты Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың ілімін жалғастырушы Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) анасына үлкен инабаттылықпен, сүйiспеншiлiкпен қараған екен.
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тiрi кезiнде Әбу Хурайраның тек мәжуси дiнiндегi қарт анасы ғана бар болатын.
Анасын жақсы көргендіктен Әбу Хурайра оның мұсылман болуын қатты қалайтын. Үнемі анасына исламның құндылықтарын айтып, дінге шақыратын. Бiрақ анасы айтқанынан қайтпай, өз жолымен жүре бердi.
Әбу Хурайра анасын үйде жалғыз қалдырғанда жүрегi сыздап, мұңға бататын. Бiр күнi Әбу Хурайра анасын Алла Тағалаға иман келтіруге және Оның Елшiсiнiң дiнiн қабылдауға тағы да шақырады. Бiрақ анасы ислам дінін қабылдамақ түгілі, пайғамбардың атына қатты-қатты сөздер айтқан екен. Анасының айтқан сөздері баласы Әбу Хурайраға ауыр тиiп, көңілі мұңға батады. Осылайша қайғы жамылған ол Алла Елшiсiне барып, болған жәйді түсіндіреді және ол;
– «Мен анамды ислам дiнiн қабылдауға шақырамын, ал анам қасарысып келiспейдi. Бүгiн мен оны тағы да шақырып едім, ол сіздің атыңызға көңілге қонымсыз жаман сөздер айтты. Алла Тағаладан анамның исламды қабылдап, мұсылман болуы үшін дұға етсеңіз», – деген өтінішін жеткізеді.
Ардақты Пайғамбарымызда Аллаға жалбарынып, дұға етіп, шығарып салады. Әбу Хурайра да:
«Менде шығып үйге кеттім. Үйге оралғанымда іштен судың сылдыраған дауысын естiдiм. Ендi үйге кіре бергенімде,
– Орныңнан қозғалма! – деген анамның даусын естiдiм. Біраздан соң анамның:
– Енді үйге кiруіңе болады! – деп, рұқсатын берді. Менде үйге кiрген кезде анам:
– Алла Тағаладан басқа Тәңiр жоқ екенiн, Мұхаммед оның құлы әрi Елшiсi екенiне куәлік етемін, – дедi». Анасының мұсылман болғанына қатты қуанған Әбу Хурайраның көздері жасқа толып, Алла Елшiсiне қайта барған екен. Әбу Хурайраның әуелгі көз жасы мұң мен қайғыны бiлдiрсе, бұл жолғысы қуаныш пен бақыттың жасы болатын. Сахаба Әбу Хурайра:
– «Алланың сүйікті Елшiсi, қуаныңыз! Алла Тағала сіздің тiлегiңізді қабыл етті. Әбу Хурайраның анасы исламның ақ жолына түсiп, мұсылман болды, – деп сүйіншісін жеткізген екен.
«…Алла Тағала қалаған пендесін тура жолға салады» (Бақара сүресі, 213-аят).
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ