Қоғамда зайырлылық ұғымын атеизммен шатастыру үрдісі қалыптасқан. Ал бұл діндарлыққа да, дінсіздікке те жатпайтынын, мемлекеттің бейтарап позициясын білдіретін ұғым екенін көбі түсіне бермейді. Сондықтан осы тақырып аясында қоғамның санасында жүрген сауалға дінтанушы Қарлығаш Жұмаділ жауап берді.
– Қарлығаш ханым, бірінші көпке түсінікті болу үшін зайырлылық ұғымын түсіндіріп өтсеңіз.
– Зайырлылық – әмбебап ұғым. Әлеуметтік салада, саясатта, заманауи гуманитарлық салаларда кеңінен қолданылады. Алайда, біз қолданып жүрген «зайырлы», «зайырлылық» сөздерінің түбірі арабтың «заһири», яғни «ашық», «анық» деген сөздерінен бастау алады.
Бұл сөзді алғаш рет қазақ тілінде Алаш қайраткерлері қолдана бастаған, өздерінің «Алаш» мемлекетін құрудағы алғашқы заңнамаларында «ашық», «нақтылық», «адами», «адамдық», «азаматтық» деген мағыналарда пайдаланды.
Бүгінде еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, дәл осы «Алашорда» қайраткерлері қолданған «зайырлы» сөзінің түпнұсқасындағы мағынада, демократиялы, құқықтық, зайырлы ел сипатында қабылдап, Ата Заңымызда бекітілді. Яғни, «ар-ождан бостандығы» және «төзімділік», «толеранттылық» сынды ұғымдармен және түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық – мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады.
Сондай-ақ, зайырлылық ұстанымы бойынша мемлекет пен дінді араластырмай қараймыз, яғни, дін саясатқа араласпайды, ал саясат діннің ішкі мәселелеріне араласпайды. Зайырлылықтың көптеген формалары бар және әр елде қолданылу формасы әртүрлі. Мысалы, Еуропа елдері мен Азияда бұл ұғым бір-біріне мүлдем ұқсамайды.
– Осы жерде адамдарда қате түсінік бар, зайырлы мемлекет – атеизмді қолдайды деп ойлайды. Атеизм мен зайырлылықтың ара-жігін ажыратып берсеңіз?
– Атеизм – Құдайды жоққа шығару. Жаратылыстың барына сенбеу. Бізде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп тұрады. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, еліміздегі өзін атеист деп анықтайтын азаматтырдың саны артуда. Соңғы он жылдықта алты пайыз болса, 2019 жылдары он сегіз пайыздық көрсеткішке жеткен.
Алайда, бірқатар сала мамандары бұл зерттеулерге күмәнмен қарайды, себебі, өздерін «атеиспін» дейтін адамдардың көбісі «агностиктер» болуы мүмкін. Бұл бөлек ұғымдар, керек болатын болса санақ барысында бұл екі категорияны бөліп қарастыру керек.
Атеизм құбылысы – дамыған қауымдастықтар мен қоғамға тән екенін де атап кеткеніміз жөн. Мәселен, әлем бойынша бұл көрсеткіштер Скандинавия елдерінде жоғары. Біздің еліміз әлі де дамушы қоғамның өкілі екенін ескерсек, жоғарыдағы көрсеткіштердің жаңсақ болуы әбден мүмкін.
Біздің қоғамда стереотип қалыптасқан, зайырлылықты атеизммен шатастырады немесе агностикалық көзқараспен бір ұғым деп ойлайды. Ол, әрине, қате түсінік.
Зайырлылық – Құдайды жоққа шығару деген ұстаным емес, ол кез келген дінге немесе сенімге мемлекет тарапынан көрсетілетін бейтарап көзқарас. Ол көзқарастың негізгі мақсаты адамдар арасында діни алауыздықтың болмауы үшін жасалады. Атап айтқанда, діни бірлестіктер мемлекеттен тәуелсіз, сондай-ақ, оларға мемлекет тәуелді емес.
Жалпы, зайырлылық туралы анықтамалар көп. Солардың ішінде түсінуге жеңіл кейбір сөздіктердегі «зайырлылық» ұстанымына назар аударайық: бұған «барлық діндерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат мемлекеттің белгісі» ретінде анықтама берілген.
– Дінді жоққа шығармайтын, дін таңдауға құқық бостандығы берілген мемлекетте діни саясат қалай жүргізіледі?
– Әрине, заң бар. Қоғамның жүріс-тұрысын, өмір сүруін, тұрмысын зерттейтін нәрсе – құқық. Мемлекет дін саласына бейтарап көзқараста болғанымен, бейберекеттікке бой бермейді.
2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Ол бойынша Қазақстандағы барлық діндер мен конфессиялар тең құқыққа ие. Қандай да болмасын миссионерлік топ елімізге келіп, заңды тіркеуден өткен соң, қызметін жалғастыра алады. Барлығы заң шеңбері аясында болады.
– Ал осы жерде толеранттылық жөнінде сөз қозғағым келіп тұр. Қазір қоғам арасында сәнге айналған термин десек те болады. Зайырлылық пен толеранттылықтың айырмашылығы неде?
– Толеранттылық пен зайырлылық – ұқсас ұғымдар. Зайырлылықты біз көп жағдайда мемлекетке тән сипат ретінде қарастырамыз. Ал толеранттылықты жеке басқа қатысты айтамыз.
Мысалы, мен толерантты адаммын. Яғни, біреудің ерекшелігіне, дініне, ұлтына, нәсіліне құрметпен қарау және оны қабылдай алу. Қазақстанды басқа елдер үшін үлгі деп айта аламын. Себебі, елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері тұрады, көптеген конфессиялар бар. Көпұлтты мемлекетте тұрсақ та, ұлтаралық сыйластықты бәріміз көріп жүрміз.
– Қарлығаш ханым, сұхбатыңызға рақмет!