Сұрақ: «Адамның төрт періштесі бар» дейді. Сол рас па?

Жауап: Иә, Алла Тағала адам баласына төрт періште бекітіп қойған. Олардың екеуі адамның оң және сол жақтарында отырса, қалған екеуі оның алдында және артында қорғап жүреді. Амал дәптерін жазатын періштелер Алланың әміріне сәйкес үнемі адаммен бірге жүріп, оның істеген әрбір амалын, айтқан сөздерін жазып отырады.

Алла Тағалай былай деген:

«Негізінен сендерге әлбетте бақылаушылар бар. Ардақты жазушылар. Олар не істегендеріңді біледі» (Инфитар: 10-12).

Оң иықтағы періште адамның барлық жақсы амалдарын жазуға, ал сол иықтағы періште жаман амалдарды жазып отыруға міндеттелген. Алла Тағала – Білуші, сондықтан да бұл періштелер біздің амалдарымызды Аллаға көрсету үшін емес, ақыретте өзімізге айғақ ретінде көрсету үшін жазады.

Ал енді жазушы періштелердің үнемі адамның қасында болып-болмау мәселесіне келсек, ғалымдар екі түрлі пікірді ұстанады. Біріншілері періштелер адамның жанынан бір елі де ажырамайды деп санайды. Екіншілері адам бой дәрет алған уақытта, жыныстық қатынасқа түскенде немесе әжетханаға кірген уақытта періштелер оның қасынан ажырайтынын алға тартады. Негізінен осы екінші пікірді ұстанған ғалымдардың ойы дәлелдірек келеді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Нәпсі» деп нені айтады?

Ибн Хаджар әл-Хайтами өзінің «Әл-Фатауа әл-Хадисиия» атты кітабында адамның жанындағы жазушы періштелердің тек әжетханада, төсек қатынасында және бой дәрет алған уақытта ғана болмайтынын айтады. Сөйтіп дәлел ретінде пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Абдулла Ибн Аббастың жеткізген хадисін келтіреді. Ол жерде пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) амал дәптерін жазатын періштелердің дәретханада, бой дәрет алғанда және төсек қатынасы уақытында болмайтынын айтады.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу