XX ғасырдың арпалыс заманында қазақ әдебиетінің ашық аспанында жарк етіп көрініп, жалт етіп ұшып түскен жарық жұлдыздарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына арналған «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» атты алты алаштың басын қосқан ұлан-асыр той Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында өтті.
Аталмыш мерекеге қатысқан Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы облыс басшылары, зиялы қауым өкілдерімен бірге алдымен ұлы ақынның кесенесінде болып, оның рухына арнап аударған Құранды хатым етті.
Бас имам Жолдас Қоспақұлы ақын кесенесінде зиярат етуші жамағаттың алдында сөйлеген сөзінде: «Сұлтанмахмұт Торайғыров – туған халқының көрікті келешегі үшін сырлы сөзімен де, баянды ісімен де барынша күрескен, «елім» деп еңіреп өткен Алаштың ардагер ақыны. Ақынның соңында қалдырған ұлан-ғайыр әдеби мұрасы, күрмеуі қиын қысталаң заманда небәрі жиырма жеті-ақ жыл ғұмыр кешкен ақынның шығармаларындағы ұлтжандылық рухтың күштілігі, ұлтының бақытты болашағы жолындағы қайтпас күрескерлігі, азаматтық арының биіктігі, дарынының дархандығы бүгінгі жастардың тәрбиесіне теңдессіз үлгі болады», – деді.
Келесі кезекте Торайғыр аулының өлкетану мұражайы жанында орналасқан С.Торайғыров ескерткішіне құрмет көрсету, ақынның жаңадан шыққан еңбектерінің тұсаукесер рәсімі, қолөнер туындыларының көрмелері, аламан ат бәйгесі қатарлы арнайы ұйымдастырылған мәдени шараларға қатысып қайтты.