Қазақ археологтері Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы ежелгі қорымдарда жүріп жатқан қазба жұмыстары барысында бұрын-соңды кездеспеген айрықша олжаға тап болды. Ол – бір қабірде жерленген ана мен баланың қаңқалары. Қаңсар қорымы Қатонқарағай ауданындағы Аққайнар ауылынан солтүстікке қарай бір шақырым жерде орналасқан.
Бұл қазба жұмыстары Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Алтай-Тарбағатай: қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейін» жобасы, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен «Шығыс Қазақстандағы көне түркі мәдени кешені: шығу тегі және трансформациясы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі және Ә.Марғұлан атындағы археология институты мамандарының тікелей қатысуымен жүргізілген болатын.
Осы қазба жұмыстарына жетекшілік еткен – Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері және Астана қалалық филиалының директоры, PhD Азат Айтқали табылған қабір жайындағы деректер мен оның эксклюзивті суреттерін бірінші болып «Egemen Qazaqstan» газетінің оқырмандарымен бөлісті.
– Азат Қалыұлы, сөзімізді жуырда көне қорымнан табылған қабірден бастасақ. Ол қашан және нақты қай жерден табылып отыр?
– Бір қабірде жерленген ересек адам мен кішкентай баланың қаңқалары Шығыс Қазақстан облысындағы Қаңсар қорымының №24 обасынан табылды. Ересек адам деп отырған себебім – оның еркек не әйел екені нақты белгісіз. Біз оларды ең алдымен, антрополог мамандарға тексеруге жібереміз. Содан кейін ғана оның жынысы белгілі болады. Сонымен қатар екеуінің арасында туыстық қатынас бар ма, оны да генетикалық талдаулар жасағаннан кейін нақты білеміз.
Суреттен көріп отырғаныңыздай, үлкен адам қабірдің ішінде шалқасынан жатыр. Сол қолымен кішкентай баланы құшақтаған. Баланың басы ересек адамның кеуде тұсында, өзі сәл қырынан жатқызылған, сол қолы үлкен адамның үстіне қойылған.
– Бұл табылған адамдар кімдер, қай дәуірге және қандай тайпаға жататыны анықталды ма?
– Осы қорымда бірнеше жылдан бері жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде обалардың орта ғасырларға жататыны белгілі болды. Атап айтқанда, радиокөміртектік талдауларға қарайтын болсақ, олар VIII-IX ғасырларға тән және қимақтарға тиесілі екендігі анықталып отыр. Мына қабірден табылған екі адам да сол ғасырларда жерленуі және қимақ тайпасына жататын адамдар болуы ғажап емес.
Қимақтар – еліміздің аумағында орта ғасырларда өмір сүрген және Ертіс өзені бойында үлкен қағанат құрған тайпа. Араб және қытай жазба деректерінде олардың көптеген қаласы болғаны жайында мәліметтер кездеседі. Мәселен, араб тарихшысы әл-Идриси қимақтардың 16 қаласы туралы жаза келе, олардың 12-сі Ертіс бойында орналасқандығы туралы болжам айтады. Бірақ, өкінішке қарай, қимақтарға тиесілі елді мекендердің орындары әлі күнге табылған жоқ. Қазіргі таңда тек сол дәуірде өмір сүрген адамдар жерленген обалар ғана белгілі болып отыр.
– Осы қатар жерленген екі адам мүрдесінен басқа, қабірден басқа қандай жәдігерлер табылды?
– Ол жерден темірден жасалған 5 жебе салынған қорамсап, темір ауыздық, садақ пен пышақтың бөліктері, басқа да темірден, сүйектен жасалған бұйымдар табылды. Ең қызықты жәдігер – баланың кеуде тұсында матаға оралған қола бұйым. Оның бетінде оюлары бар. Бірақ әлі реставрация жасалмағандықтан, нақты қандай ою немесе сурет салынғаны белгісіз. Біздің болжауымызша, сол замандағы діни наным-сенімдерге байланысты аңның немесе өсімдіктің бейнесіндегі суреттер болуы мүмкін. Бұл жәдігер баланы тіл-көзден сақтайды деп тағылған тұмарға ұқсас зат болуы да ғажап емес.
– Бұған дейін ел аумағынан осындай қос адам жерленген қабірлер табылған ба еді?
– Жоқ, бұл бірінші жағдай. Жалпы, қай дәуірдегі қабірлерді алсақ та, ересек адам мен баланың бірге жерленуі жалпы әлемдік археологияда сирек кездесетін жайт.
– Оларды не себепті бірге көмуі мүмкін, екеуі бір уақытта қайтыс болған ба, әлде басқа себеп бар ма?
– Дәл қазір бұл адамдардың қандай жағдайда және не себептен қайтыс болғанын нақты болжау қиын. Жоғарыда айтқанымдай, антрополог мамандардың зерттеуінен кейін ғана оның анық-қанығына жететін боламыз.
– Бүгінде қай жерде және қандай бағытта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар?
– Археология институтының қазіргі үлкен бастамасы – «Қазақстан тарихындағы ғұн-сармат дәуірі: пәнаралық зерттеу, талдау және реконструкция» атты жоба аясында Қатонқарағай ауданына қарасты Аршат ауылынан 11 шақырым жердегі Таутекелі қорымында ғұн-сармат ұлы қоныс аудару дәуіріне жататын ескерткіштер зерттеліп жатыр. Бұл жерде 18 жерлеу нысаны зерттеліп, қыш ыдыстардың сынықтары мен асыл тастардан және каури моншақтарынан жасалған түрлі әшекей бұйымдар табылды.
Жалпы ғұн-сармат дәуірі – қазақ тарихындағы өте маңызды кезеңнің бірі. Себебі ол сақ-скиф заманынан кейін және түркі дәуіріне дейін болған үлкен хронологиялық кезең. Өкінішке қарай, өте аз зерттелген. Оның тек Қазақстан емес, жалпы әлем тарихы, соның ішінде Еуропа тарихы үшін де маңызы өте зор. Себебі ғұн империясы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы түрлі тайпалар батысқа қарай жылжып, Еуразия даласында саяси-әлеуметтік, мәдени өзгерістердің орын алуына түрткі болғаны белгілі.
Сонымен қатар ғұн империясының құлауына себеп болған сәмби тайпалық конфедерациясының тарихы да біз үшін өте маңызды. Біз Таутекелі қорымында осы сәмби дәуіріне жататын ескерткіштерді таптық. Оларға тиесілі көне орындар 2015 жылдан бері Берел қорымында жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде де табылған. Жалпы, Орталық Азия көшпелі тайпаларының этномәдени тарихында ғұн державасы ыдырағаннан кейін келген сәмбилердің дәуірі жан-жақты зерделеп, бұған дейін белгісіз болып келген деректерді ғылыми айналымға енгізу ел тарихына қосылған баға жетпес олжа болар еді.
Бұдан бөлек, біз Көкентау археологиялық кешеніндегі зерттеу жұмыстарын қайтадан жандандырдық. Бұл кешен Семей қаласынан 80 шақырым және Көкентау ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан. Мұнда 2014 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізілген. Биыл «Көкентау археологиялық кешені» жобасы аясында ерте темір дәуірі ескеркіштеріне археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасын тауып отыр.
Әңгімелескен
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ