Сұрақ: Қандай кәсіп жақсы?
Жауап: Алла Тағала «Фатыр» сүресінің 3-аятында: «Ей адам баласы! Алла сендерге берген нығметін еске алыңдар. Сендерге көктен, жерден несібе беретін бір жаратушы бар ма? Одан басқа ешбір тәңір жоқ», деп хабар берген.
Исламға сәйкес адам Құдай Тағаланың берген несібесін еңбек етіп алумен өмір сүреді. Пайғамбар да (с.ғ.с.): «Адам баласы өзінің ризығын алмайынша бұл жалғаннан өтпейді…», – деп айтқан. Демек адам несібесіне ие болу үшін қал-қадерінше еңбектенеді, кәсіппен шұғылданады.
Ислам бір кәсіпті екінші кәсіптен үстем санамайды, артықшылық – тек адал еңбекте. Бастысы, шариғат талаптарына қарсы келмейтін еңбек болуы шарт. Басқаша айтқанда, дінде белгілі қызмет, мансап, лауазым деген сияқты дүниелік артықшылық пен мәртебе өлшемдері жоқ. Кім адал кәсіп қылса, артықшылық сонда. Бұған Құрандағы «Бақара» сүресінің 172-аяты дәлел: «Ей мүміндер! Берген ризығымыздың жақсысынан жеңдер әрі Аллаға шүкірлік етіңдер». Аят адам баласына азықтың адалынан ғана емес, маңдай термен табыс табуға әмір қылған. Ризықтың жақсысы – адал еңбекпен келген ризық.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген», – деп теміршілік кәсіптің шебері болған әзіреті Дәуіт пайғамбардың еңбекқорлығын өзгелерге өнеге етіп көрсеткен.
Жалғас САНДЫБАЕВ