Сұрақ: Затты қалай саудалаған жөн?
Жауап: Пайғамбардың заманында сауда-саттықпен айналысатын Умму бани Әнмар есімді бір қарт әйел болатын. Ол сауда-саттық кезінде өзі қолданатын бір тәсіл бар еді, сол тәсілдің дұрыс не бұрыс екенін білгісі келетін. Бір күні бұл мәселені Алланың елшісінен (с.ғ.с.) сұрауға бел буады. Аса таяғын алып, Пайғамбармен (с.ғ.с.) кездесуге шығады.
Пайғамбарды (с.ғ.с.) умра (кіші қажылық) үшін Сафа мен Маруа арасында жүрген жерінен кезіктірді. Жанына келіп:
– Уа, Алланың елшісі! Мен саудамен айналысамын. Бір затты сатып аларда, әдейі өзім алғым келген бағадан әлдеқайда төмен баға ұсынып, одан соң аз-аздан оны жоғарылатып, ойымдағы бағаға сатып аламын. Дәл сол сияқты бір затты сатар уақытта да, әуелі бере алатын бағамнан әлдеқайда жоғары бағаны айтып, одан соң аз-аздан бере алатын бағама дейін түсіремін. Мұныма не дейсіз? – деп сұрайды.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Бұлай істеме. Бір затты сатып аларда саған сатса да, сатпаса да, өзің әу бастан қалаған бағаны айт. Сол секілді затты сататын болсаң, берсең де, бермесең де тек сата алатын бағаңды жеткіз, – деп жауап береді (Ибн Мәжа, Тижарат, 29.)
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ