Сұрақ: Қайтыс болған ата–анаға қандай жақсылық жасай аламыз?
Жауап: Өлім – ақиқат. Көптеген азамат қайтыс болған ата-анасын сағынып, оларға жететін қандай жақсылық жасағаным дұрыс деп жиі ойлайды. Бұл мәселенің шешімін бізге сахабалар былай деп жеткізген екен:
Әбу Убайд Малик ибн Рабиға (оған алла разы болсын): «Біз Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құзырында отырғанымызда Бәни Сәлма тайпасының бір адамы келіп:
– Уа, Алланың елшісі! Ата-ана қайтыс болғаннан кейін оларға жасайтын жақсылық бар ма? Мен соны орындаймын, – деп сұрады.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Иә, бар. Төрт нәрсені орындап жүрсең, оларға жасаған жақсылығың жалғаса береді. Біріншісі, Алладан ата-анаң үшін жарылқау тілеу (дұға жасау); екіншісі, ата-анаңның қалдырған өсиеттері мен шариғат насихаттарын орындауың; үшіншісі, олардың жолдастарына құрмет көрсетуің; төртіншісі, олардың араласқан ағайын-туыстарына ағайындық қатынасты жалғастыруың, – деп айтты» деген хадисті риуаят етеді (Ахмад, Әбу Дауіт, Ибн Мәжәһ және Хаким).
Жалғас САНДЫБАЕВ