Биыл еліміздің тарихында ерекше бір оқиға орын алды. Меккедегі қасиетті Қағбаның есігінде 1982 жылдан 2012 жылға дейін 30 жыл тұрған алтын құлып пен кілт тұңғыш рет Қазақстанға келді. Бұны сонау халифалар заманынан бері Қағбаның кілтіне иелік етіп келе жатқан Бәни Шәйба ұрпақтары «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді Әбдіхалыққа сыйға тартыпты.
Біз осы оқиға жайлы және Қағбаның кілті туралы толығырақ мәлімет алу мақсатында Амангелді Еренғайыпұлына жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз.
– Амангелді аға, ең алдымен Қағбаның кілті жайлы айтып берсеңіз. Оған бағзы дәуірден бері неліктен тек Бәни Шәйба ұрпақтары ғана иелік етіп келеді?
– Мейірімді де Рақымды Алланың атымен бастаймын!
Исламға дейінгі жаһилият дәуірінде Қағбаның кілті Ғұсман ибн Талханың қолында болатын. Ол өзінің бір риуаятында айтады: «Қағбаның есігін аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері ашатынбыз. Қалаған адамды ішіне кірзігіп, қаламаған адамды кеудеден итеретін едік. Біз рұқсат берген адам ғана Қағбаға кіре алатын.
Бір күні Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Қағбаға кіру үшін келе жатқанын алыстан көрдім. Ол кезде жасы 37-де, яғни әлі Пайғамбарлық келмей тұрған кез еді.
Оны кіргізбеймін деген оймен Қағбаның табалдырығына қолымды бүйіріме таянып тұрып алдым. Мұхаммед (с.ғ.с.) менің ойымды біліп тұрса да, қасыма келді де: «Ей, Ғұсман! – деді. – Күндердің күні бір уақыт келеді, мына Қағбаның кілтін менің қолымнан көресің. Сол кезде кілтті өзіңе қайтарамын!».
Бұны естіген кезде абдырап қалып, ізет көрсетіп: «Кіріңіз, кіріңіз», – дедім құрметпен. Оның сөзі құлағымда ұмытылмастай қалып қойды…»
3 жылдан соң Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келеді, ол 13 жыл Меккеде тұрған соң, Мәдинаға көшеді, 9 жылдан кейін Мекке мұсылмандардың қолына бейбіт жолмен өткені белгілі. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алдымен Қағбаға келді.
Кілт Ғұсманның қолынан кеткен, өйткені ол мұсылман емес еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаны өз қолымен ашып, ішіндегі пұттарды сындырып, тазалап, ішін жуған соң, сахабалардан рұқсат сұрап, бір өзі қалып, Аллаға шүкір намазын оқиды. Сол намазда тұрғанда «Аманатты өз егелеріне тапсырыңдар», – деген Құраннан уахи келеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбадан шығып: «Ғұсман ибн Талха қайда? Оны маған алып келіңдер», – дейді. Екі сахаба жүгіріп барып, Ғұсманды үйінде тығылып жатқан жерінен сүйреп әкеледі.
Сонда Пайғамбарымыз: «Ей, Ғұсман! – дейді. – Есіңде ме, бір күні Қағбаның кілтін менің қолымнан көресің деп айтқан едім ғой?». Сонда Ғұсман Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол сөзін бірден есіне түсіріп: «Ей, Мұхаммед, Алладан басқа тәңір жоқ екеніне және Сен Алланың нақ пайғамбары екеніне куәлік етемін», – деп Исламды қабыл етеді…
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Ғұсман, мына кілт саған және сенің ұрпақтарыңа. Сендерден бұл кілтті ешкім де ала алмайды, аламын деген адам залым болады», – дейді.
Осылайша, хазреті Ғұсман жаһилият дәуірінде де, Ислам дәуірінде де Қағбаның кілтін иемденуші болып қалды.
Уақыт өте келе ол қартайған соң өз баласы болмағандықтан кілтті інісі Шәйбаға қалдырды. Содан бері Қағбаның кілті ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Кілтті иемденушілер Шәйбаның атымен «Бәни Шәйба» деп аталып кетті.
– Өзіңіз Бәни Шәйба ұрпақтарымен қалай таныстыңыз? Біздің білуімізше, бұған дейін де сізге олар Қағбаның кисуасын сыйға тартқан екен?
– Алланың құдіреті шексіз ғой, 2018 жылы оразаға 3 күн қалғанда менің 5-ші ұлым дүниеге келді. Есімін Сайд Аднан деп қойдым. Аднан – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) 21-ші атасы. Алланың елшісі (с.ғ.с.) осы ұлы бабамыз – Аднанды көбірек еске алған екен. Өйткені, ол арабтардың басын біріктірген құрметті тұлға болыпты.
Ал Сайд деп пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немересі Хусейннен (р.а) тарайтын ұрпақты айтады. Хасаннан (р.а) тарайтын ұрпақтарын «шериф» дейді. Біз Хусейннен тарайтындықтан, Сайд сөзі қоса айтылады. Менің руым Сайд қожа болғандықтан, біз де пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпағы болып саналамыз.
Көпшілік: «Балаңызға мұндай атты неге қойдыңыз? Бұл түріктің аты ма, арабтың аты ма?» – деп сұрап жүрді. Содан баламның шілдеханасын жасар алдында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Аднанға дейінгі 21 атасының есімдерін жаттап алып, кейін жиында қажыларға айтып беріп, балама неге осындай есім қойғанымды түсіндірдім.
Осы оқиғадан соң 1 айдан кейін Саудияға барған сапарымда шейхтармен бірге Бәни Шәйбаның Қағбаның кілтін ұстап отырған ұрпағының шаңырағында қонақта болдым. Бұл өзі аяқ астынан болған жағдай. Меккеге қонақ үй мәселесімен келген болатынмын. Ол шаруам тез арада шешілді де, сол жақтағы таныс шейхтар Бәни Шәйба шаңырағына баруға шақырды. Сол киелі әулеттің үйінде «Бәни Шәйба шежіресі» деп, Аднаннан бастап өздерінің үрім-бұтақтарын жазып қойған шежіресін оқып қалдым.
Дастархан басында таныс-білістен соң олар Қазақстан жайлы сұрады. Мен қазақ халқы ежелден мұсылман екенімізді, 70 жыл кеңестік заманда діннен ажырап қала жаздап, қазір қайтадан дін жолына оралып, жоғымызды түгендеп келе жатқанымызды жеткізіп, сөзімнің соңында: «Сіздер шежірелеріңізді ұмытпай жазып, төрге іліп қойыпсыздар. Біз де Аднаннан тарайтын ұрпақпыз. Мен қазақтың ішіндегі Сайд Қожа руынан боламын. Ата-бабаларым осы жерден шығып, Орта Азияға дін тарату үшін келген. Сіздердің жазып қойған шежірелеріңіз төрде ілулі екен, ал бұл шежіре біздің жүрегімізде сақтаулы. Рұқсат етсеңіздер айтып берейін, қатесі болса жөңдеңіздер», – дедім де бұған дейін жаттап алған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Аднанға дейінгі аталарын тізбектеп айтып шықтым.
Арабтар өз бабаларын менің аузымнан естіген кезде таң-тамаша болып, «Аллаһу Әкбар» деп тәкбір айтып, мені бауырым деп құшақтап, қуаныштарын жасыра алмады.
Сөзімді одан әрі жалғап: «Құсай ибн Киләбтің 4 ұлы болған. Оның біреуі Абдулманаф, 2-шісі Абдуд-дар. Абдулманафтан – Һәшим, одан Абдулмутталип, одан әрі қарай менің бабаларым кетеді. Абдуд-дардан сендер тарқайсыңдар. Құсай ибн Киләбтан әрі қарай бабаларымыз бір, сондықтан мен бөтен үйге емес, аталас туысқандарымның шаңырағына келіп отырмын», – деп шежіреден білгенімді айтып шықтым.
Сол кезде олар: «Сіз біздің ең жақын туыс, бауырымыз екенсіз”, – деп зор құрмет білдірді. Қайтарда мені құшақтап: «Біз отбасымызбен ақылдасып, сізге бір сыйлық береміз. Соған разы боласыз», – деді.
Осы сапар алдында Рахима атты қажымыз маған хабарласып: «Қажеке, сүйінші, түс көрдім. Сізге арабтар жүні жылтыраған қара тұлпар мінгізіп жатыр екен. Үстіне мініп алғансыз, екі араб тізгіннен ұстап тұр. Сіз мәз-мейрам болып: «Рахима әпке, көрдіңіз ғой, арабтар маған осындай сыйлық жасап жатыр. Енді сізге шәй беремін», – деп айтып жатсыз», – деген болатын.
Бәни Шәйба ұрпақтары уәде еткендей, маған алтын жалатылған Қағбаның киуасын тарту етті. Сонда Рахима әпкеміздің «Сыйлықпен ораласың» деген сөзі тура келгеніне қайран қалдым. Жалпы бұл қажы әпкеміз бұрын да менің Қағбаға кіретінімді түсінде көріп, алдын ала сүйіншілеген болатын…
Осыдан бастап, Бәни Шәйба ұрпақтарымен танысып, туысқандай болып араласып кеттік. Қағбаның киуасы – олардың маған берген бірінші сыйлығы. Қазір үйімде, төрімде ілулі тұр.
– Бәрекелді! Енді негізгі тақырыбымызға ойыссақ. Өзіңіз айтқандай, пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті бойынша Қағбаның кілті осы уақытқа дейін Бәни Шәйбаның қолында. Алайда олар бір кілт пен құлыпты сізге сыйға тартқан екен. Бұл қалай болды?
– Өткен жылы 28 желтоқсанда Алла тағала шаңырағымызға тағы бір қыз берді. Бүгінде 5 ұл, 2 қыздың әкесімін. Пайғамбарымыздың 44-ші ұрпағы шейх Турки Шарифке «Қызды болдым» деп айтып едім, ол «Есімін Румайса қой» деп кеңес берді. «Ол кім?» деп сұрасам, «Румайсаны білмейсің бе? Ол Әнас ибн Мәліктің анасы ғой. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жәннатпен сүйіншілеген әйел емес пе!», – деді. Сол кісінің ұсынысын қабыл алып, қызымның атын Румайса деп қойдым.
Кейін Бәни Шәйба ұрпақтарының шаңырағында аналары қайтыс болды деген хабарды естіп, биыл ақпан айында умраға барғанда көңіл айтып шығайын деп үйілеріне бас сұқтым. Әңгімелесіп отырып, жуырда қызды болғанымды тілге тиек еттім. Олар құтты болсын айтып, атын кім қойдың деп сұрады. «Румайса» деп едім, бәрі бір-біріне қарап таңданып қалды. «Сендерде сондай ат бар ма?» – деді олар.
«Негізі қазақта мұндай есім кездеспейді. Бұл атты қызыма шейх Турки Шариф қойды», – деп едім, олар: «Біздің де анамыздың аты Румайса екенін білесің бе?» – деді. Сөйтсек, дәл менің қызым дүниеге келген күні олардың шешелері қайтыс болған екен.
Сол кезде мен де таң қалып: «Сіздердің аналарыңыз тірі, ол кісінің өмірі әрі қарай біздің елімізде жалғасып жатыр» дедім көңілдерін жұбатып. Бұл сөзді естігенде жүздеріне шырай кіріп, барлығы қуаныштарын білдірді.
Қайтарда олар тағы да: «Біз отбасымызбен ақылдасып, саған бір жақсы сыйлық береміз», – деді. Осылайша биыл наурыз айында умраға барғанымда Бәни Шәйба ұрпақтары “Үйіңе барғасын ашып қарайсың” деп бір қорапшаны қолыма ұстатты.
Елге оралған соң, шаңырағыма туыстарымды шақырып, бәріміз бірге ашып қарасақ, Қағбаның алтын құлпы мен кілті екен! Қасында оригинал екенін растайтын сертификаты да бар. Қуанышымда шек болмады. Бұл менің кисуадан кейінгі өмірімде алған ең үлкен сыйлығым.
«Қағбаның кілті тек Бәни Шәйбада болуы керек, неліктен сізге берді?» деп сұрап жатсың ғой. Жоғарыда айтқанымдай, біз сайд қожалар – Бәни Шәйбамен туысқан, аталас болып келеміз. Соны ескере келе олар мені де кілтті ұстауға лайықты деп тауып, қолдарындағы 2 құлыптың бірін беруге шешім қабылдаса керек.
– Жалпы тарихта Қағбада қанша кілт болған?
– Қағба есігіне алтыннан құлып орнатуды алғаш болып халифалар бастаған екен. Мен осы мәліметтерді араб дереккөздерінен арнайы зерттеген болатынмын. Сол заманнан бері Қағбаның аузында 59 құлып тұрған. Олардың 56-сы қазір Түркия, Сауд Арабиясы, Мысыр, Палестина, т.б. елдердегі музейлерде сақтаулы. 57 және 58-ші құлыптар Бәни Шәйба әулетінің қолында болды.
57-ші құлыпты Осман империясының соңғы патшасы Абдулхамид хан өз қаражатына жасатқан. Ал 58-ші құлыпты 1982 жылы Сауд Арабиясының королі марқұм Фахд ибн Абдул Әзиз арнайы жасатып, Қағбаның есігіне орнаттырған екен. Мендегі осы құлып пен кілт. Ал 59-шы құлып бүгінде Қағбаның есігінде тұр.
– Бұл құлып пен кілт несімен құнды? Қандай да бір қасиеті бар ма?
– Бәни Шәйбаның сыйлығын елге әкелгесін тұңғыш мүфтиіміз Рәтбек қажы хазретке көрсеттім. Ол кісі арабша жазылған сертификатын оқып, мөрлеріне қарап, толық көз жеткізген соң, маған: «Шәйба ұрпақтары өздерінің текті әулет екенін айғақтады, сен соны білесің бе?» деді. Қалайша деп сұрап едім: «Саған кілттің өзін ғана берсе де риза болар едің ғой. Ал олар құлыпты қосып беріп отыр. Екеуін бір-бірінен ажыратпай, құнды дүниені бірге берді. Бұл атадан жалғасқан тектілікті білдіреді, – деді. – Бұл сенің қанша жылдан бері адамдарды қажылық пен умраға апарып жүрген еңбегіңнің жанғаны. Енді мынау дүние саған ұрпақтан-ұрпаққа қалатын аманат. Бірақ бұл кез келген адам көре беретін нәрсе емес. Бұны әркімге ұстата берме», – деп ескертті хазрет.
Рәтбек қажыға бармастан бұрын бір қажы ағамыз хабарласып: «Ертең 60 адамға ауызашар беремін. Соған құлып пен кілтті ала келіңізші, бәріне айтып қойып едім», – дегесін, уәде берген едім. Бірақ, Рәтбек қажының мына сөзінен кейін ойланып қалдым. Дегенмен, уәденің аты уәде, апаруға тура келді. Сөйтсем ол жерге 60 емес, 100-ден аса адам жиналыпты.
Қазақта: «Алтын жамандықты тартып алады» деген сөз бар емес пе. Соның бекер айтылмағанына көзім жетті. Әлгі адамдардың бәрі құлып пен кілтті жаппай қолдарына алып, сүйіп, ұстап көріп жатты. Үйге барғаннан кейін әйеліме сүртіп тазалап, қорабына салып қоюды тапсырдым.
Ертесіне әйелім хабарласып: «Мынаның кірі кетпей жатыр. Сүртсем қап-қара болып күйе шыға береді», – дейді. Әлденеше қайтара сүрткеннен кейін ғана алтын әрең дегенде жылтырап, зорға тазалап алдық. Сол кезде Рәтбек қажының «Көп адамға ұстата берме» деген сөзі есіме түсті. Енді бұдан былай адамдарға ұстатпай, әйнектің ішіне салып сырттай ғана көрсететін болдым.
Қағба кілтінің қасиеті жайлы тағы бір оқиғаны айта кеткім келіп отыр. Жуырда Қызылордада тұратын Мұрат есімді қажы ағамыз «Марал ишан» атындағы медресе ашты. Біз соған Саудиядан арнайы шейхтарды шақырдық. Атап айтқанда, пайғамбар заманынан зәмзәм суына иелік етіп келе жатқан «Зәмзәм су» мекемесінің директоры шейх Айман және Бәни Шәйба әулетінің бір өкілі – шейх Мұхаммед Хусейн келіп, медресенің ашылу салтанатына қатысып кетті.
Сол кезде Мұхаммед Хусейн Қағбаның кілтіне қатысты бір әңгімені айтты. Осыдан 300 жылдай бұрын патшалардың бірі Қағбаға келіп: «Маған Бәни Шәйбаның есікті ашқаны керек емес. Мен өзім де аша аламын», – деп кілтті алдырып, есікті ашайын десе, құлып ашылмапты. Олай да, бұлай да көріп, қанша тырысса да, ашылмай, әбден шаршағаннан кейін: «Бәни Шәйба ұрпақтарын шақырыңдар, ашып берсін», – дейді.
Олар патшаның әрекетіне наразы болғандықтан, есікті ашып беруге 5 жасар баласын жібереді. Баспалдақпен көтеріліп, Қағбаның есігінің алдына келген баланы көрген патша: «Бұлардың үлкендері қайда?» – деп сұрайды. «Осы баланы жіберді», – дейді адамдар. Сонда 5 жасар бала Қағбаның есігін оп-оңай ашып береді.
Сол кезде әлгі патша өзінің қателік жасағанын түсінеді. Бұл оқиға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бәни Шәйбаға кілтті табыстағаннан кейін басқа адам Қағбаның есігін аша алмайтындығына және бұл жерде үлкен хикмет барына дәлел болса керек.
– Иә, сіз айтқандай, мен қазір бұны қолыма ұстап, қалай ашады екен деп ойланып отырмын. Сонда құлыпты ашудың да бір құпиясы бар ма?
– Бұған дейін қолына ұстап көрген қажылар да маған осы сұрақты қойды. Ойланып қарасам, шынымен қай жерінен сұғып, қалай бұрап ашу керек екені белгісіз. Сосын Меккедегі осы сыйлықты берген адамға хабарласып сұрап едім: «Мұның өз құпиясы бар. Оны жанұямыздан екі-ақ адам біледі: мен және менің балам», – деді. Кейін құпиясын айтуды өтінгеннен кейін Меккеге барғанда маған көрсетті. Сонымен, қазіргі күні 3 адам ғана бұл құлыпты аша алады.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ