Сұрақ: Исламда пұтқа табыну харам және күнә саналады. Олай болса, неліктен барлық мұсылмандар Қағбаны айнала тауап қылып, оған қол тигізгісі келеді? Бұл Қағбаны пұтқа айналдыру емес пе?
Жауап: Пұтқа айналдыру – оған табыну дегенді білдіреді. Ешбір мұсылман Қағбаға табынып, құлшылық етпейді.
Намаз оқитын адам сәжде жасағанда жайнамазға емес, Аллаға құлшылық ететіні сияқты, Қағбаны тауап еткен адам Қағбаға емес, Аллаға құлшылық қылады.
Әлемдердің Жаратушысы, жер бетіндегі алғашқы ғибадат орны болған Қағбаны орнатып, адамдарға оны тауап етуді бұйырған.
Бұл ашық тақырып болғандықтан, көп түсіндіруді қажет етпейді. Осы жөнінде күмәнданып, ойында сұрақ туындап жүргендер, біраз зерттеп, пұтқа табынушылықтың не екенін білгеннен кейін, Қағбаның оған еш қатысы жоқ екенін өздері-ақ түсінеді.
Қағба – мұсылмандар үшін бағыт. Қағбаны тауап етіп, қара тасты сүйген Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Алламен ант етейін! Негізінде, мен сені сүйгеніммен, сенің бір тас қана екеніңді әрі сенің зиян да, пайда да келтіре алмайтыныңды білемін. Егер де Алла елшісінің (с.ғ.с.) сені сүйгенін көрмегенімде, мен де сүймес едім», – деп айтқан мәшһүр сөзі бар.
Сондықтан да Қағбаны тәуап ету мен қара тасты сүюдің пұтқа табынушылыққа қатысты жоқ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ