Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнге сәйкес келіп отыр.
Жалпы, араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдірет» мағынасын қамтиды.
Мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнар көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.
Қадір түнінің белгілері жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады»[ Байһақи], – деген.
Тағы бір риуаятта: «Қадір түні тұнық әрі жарық болып, айдың өзі бейне бір нұрға толы болады. Ол түн, суық та ыстық та емес, тыныш та жайлы болып, таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тыйым салынады. Бұл түннің тағы бір белгісі, таңертең күн сәулесі, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді» [Имам Ахмет], – деп сипаттағаны риуаят етілген.
Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір кеші Рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі.
Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн. Және де мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның «Қадір» сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай – бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Алла Тағалаға құлшылық етуімен бара-бар деген сөз.
Жалпы, бұл рухани кеш адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады. Сондай-ақ, қасиетті Қадір кешінде мынадай орындайтын амалдар бар:
– Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;
– Құптан намазында 20 ракат тарауих намазын оқу;
– Құран, хадис кітаптарын оқу. Немесе пайғамбарымыздың өмір тарихын оқу;
– Қадір кешінде таң атқанға дейін төрт рәкәт нәпіл намазы оқылады. Бұл төрт рәкәт намазға былайша ниет етіледі: «Я Раббым! Ниет еттім Рамазан айы, Қадір кешінде нәпіл намазын оқу үшін». Бұл намаздың оқылу тәртібі: Бірінші рәкәтта «Фатиха» сүресі, бұдан кейін үш рет «Қадір» сүресін оқу. Екінші рәкәтта «Фатиха» сүресінен кейін үш рет «Ықылас» сүресін оқу, үшінші, төртінші ракаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек. Немесе өзі білетін өзге де сүрелерді оқи берсе болады. Осы намазды оқып болған соң, Алла тағаладан өзімізге, барша адамзатқа, отбасымызға амандық, ризық несібе, бұл дүниенің және ақыреттің барша жамандығынан аман болуды тілеу қажет.
– Тәспі тарту;
– Қадір кешінде «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар 4 ракат етіліп оқылады.
– Қадір кешін мүмкіндігінше ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды.
– Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты пайласыз бос өткізуге болмайды.
Осындай мүбәрак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп, көңілдерін көтеру – ең жақсы амалдардың қатарына жатады.
Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей! Әмин!
Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
Шымкент қаласы
бас имамының орынбасары