Сұрақ: Қадір түнінің басқа түндерден ерекшелігі неде?
Жауап: Алла Құранды тура жол көрсетуші етіп түсірді. Ислам ғалымдары Құранға қатысты: «Міне, адам баласы үшін құтқару келіп жетті», – деп те айтады. Құранның түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Алла Тағала ол түнді бейбітшілік пен тыныштық кеші етті. Негізінде «қадір» сөзі «үкім шығарылатын түн» мағынасын береді. Осыған байланысты «қадір түні» деген уақытта Алланың тағдырды жазатын, тағдырға үкім ететін түні екендігін түсіну керек.
Ол түнде періштелер қардай жауып, таң атқанша береке жалғасатыны туралы Құран: «Ақиқатында Біз оны Қадір түнінде түсірдік. (Ей, Мұхаммед!) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні – мың айдан қайырлы. Періштелер және Рух (Жәбірейіл) бұл түнде Раббысының рұқсатымен барлық іс үшін түседі. Ол – таң рауанына дейін амандық түні», – деп баяндайды. (Қадір: 1-5).
Бұл түн мың айдан да қадірлі Қадір түні. Сахаба Әнас ибн Мәліктен (р.а.) мынадай хадис жеткен:
«Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп айтты».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ