Сұрақ: Қабірге барып, қайтқан адамдарға дұға жасау дұрыс емес дейді. Дұрыс па?
Жауап: Шариғат тұрғысынан қабірге барғанда дұға жасау дұрыс деп саналады. Бізге жеткен хадистерде Алла тағаланың Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Жаннатул-Баки (әл-Баки) мазарында жатқан мүмін бауырлары үшін барып кешірім сұрауды бұйырғаны туралы айтылады.[1] Әсіресе, Алла Елшісінің қабірде жатқандарға қарата: «Салем сізге, ей мүміндер мекені, Сізге ертең берілуі уәде етілген нәрсе берілген. Сіз күтіп жатырсыз. Алланың қалауымен, біз де сізге қосыламыз. Уа Аллам, Жаннатул-Бакида жатқандарды кешір»[2] деген сөздері, салем мен дұғалардың өлген кісіге де қатысы бар екендігіне, қайтыс болған мүміндер үшін дұға жасаудың дұрыс екендігіне айқын дәлел болады.
Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте осыған қатысты келесідей бір оқиға баяндалады. Бір Мәдина түні еді. Төсегінде жатқан Алла елшісі (с.ғ.с.) жанындағы жұбайы Айша (р.а.) ұйықтағаннан біраз уақыттан кейін ақырын сыртқа шықты. Бірақ мүміндердің анасы ұйықтамаған еді. Ол да бірден Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) артынан барады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жаннатул-Баки мазарлығына келген еді. Ол жерде біраз тұрып, үш рет қолдарын көкке көтерді, содан кейін кері қайтты. Алла елшісінің (с…с.) артынан барған Айша (р.а.) одан бұрын үйге келді де, төсегіне жата қалды. Артынан Алла елшісі ( с.а.с.) ішке кірді және «Саған не болды, Айша, алқынып кетіпсің» – деді. Айша (р.а.) «ешнәрсе болмады» десе де, Алла елшісі (с.ғ.с.) бір нәрсе болғанын сезіп, «Айт, әйтпесе сый-сыяпат иесі және барлығынан хабардар Алла маған білдіреді» –деп, айтуын талап етті. «Анам-әкем саған пида болсын» – деді мүміндердің анасы және болған жайды айтып берді. «Ол қарайған сен екенсің ғой» деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.), жұбайының алаңдаушылығын түсініп «Алла және Елшісінің сені алдайтынын ойладың ба?» деп, жағдайды түсіндірді. Алла тағаланың Жаннатул-Баки мазарында жатқандарға дұға жасап кешірім сұрауын бұйырғанын жеткізу үшін Жәбірейілдің келгенін айтты. Жәбірейіл Алла елшісіне үйреткен өлгендердің мекеніне барған мүміндер ақыретке өткен дін бауырлары үшін мына дұғаны оқиды: «Салем, бұл мекенде жатқан мүмін және мұсылмандарға! Алла біздің өткенімізге және келешектерімізге де мейірімін төксін. Біздер де Алланың қалауымен, сіздерге қосыламыз»[3]
Айша (р.а.) анамыздың жеткізген хадисінде, Алла елшісі (с.а.с.) қасында болған әр түнінде Жаннатул-Баки мазарына барып осы дұғаны оқыған[4] және иман еткендерге де осыны оқуды үйреткен[5]. Осылайша Пайғамбарымыз (с.а.с.) қабірге тек өзі ғана жиі-жиі барып тұрумен шектелмеген, мүміндерге де осыны істеуге кеңес берген.
Балғабек Мырзаев
[1]Муслим, жәнаиз, 103.
[2]Муслим, жәнаиз, 102.
[3] Мүслим, жәнаиз, 104.
[4] ибн Ханбел, VI, 180.
[5] Муслим, жәнаиз, 104.
Тарихпен байланысып жазылған керемет дүние екен. Әрі өте жеңіл оқылады. Жауап үшін рахмет.