Риуаят етілуінше, Омар (р.а.) халыққа қазынадан үлестерін бөліп беріп жатқанда, жанында баласы бар бір кісі келеді. Омар (р.а.) оған:
– Адамдардың ішінде бір-біріне балаң екеуіңнен қатты ұқсайтын ешкімді көрмеппін, – дейді. Әлгі кісі:
– Уа, мүміндердің әміршісі, мен сізге бұл баланың хикаясын айтып берейін, – деп әңгімесін бастап кетеді. – Мен бірде сапарға шықпақшы болдым. Анасы осы балама жүкті еді. Әйелім: «мені осы халімде тастап, сапарға шықпақшысың ба?» деді. Мен:
«Құрсағыңдағыны Аллаға аманат етіп тапсырамын» дедім де, жолға шығып кеттім. Қайта оралғанымда, әйелім қайтыс болған екен. Бірде адамдармен әңгімелесіп отырғанымызда, әйелімнің қабірінің үстінен оттың жарығын көрдім. Адамдардан «мынау не қылған от?» деп сұрағанымда, олар:
– «Бұл-Түгенше дегеннің қабіріндегі от. Әр түні көреміз» деді. Мен:
– «Ол күндізін ораза, түнін намазбен өткізуші еді. Бұл азап оты емес шығар» дедім де, қолыма күрек алып қабіріне бардық. Қабірді қазып қарасақ, мына бала еңбектеп жүр екен. Менің құлағыма:
– «Мынау-сенің аманатың! Егер анасын да бізге аманат етіп тапсырғаныңда, оны да аман табар едің» деген дауыс келді, – деп бітірді. Омар (р.а.):
– Бұл саған қарғаның қарғаға ұқсағанындай ұқсайды екен, – дейді.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ