Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде осы іс-шараға еліміздің шынайы досы, Түркияның Вице-президенті Фуат Октай мырзаның арнайы келіп отырғанын айтып, оған өз ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін Түркияның бауырлас ел әрі маңызды стратегиялық серіктес, сондай-ақ ең ірі сыртқы экономикалық әріптесіміздің бірі екенін атап өтті.
Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Соңғы 16 жылда түрік бауырларымыз Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Пандемия кезінде әлем бойынша шет ел инвестициясының көлемі күрт азайғаны белгілі. Соған қарамастан, Түркиядан біздің елге келетін инвестиция азайған жоқ. Мұны әрине, қуантарлық жайт деп айтуға болады. Бұл – түрік ағайындардың біздің елімізге деген жоғары сенімінің көрінісі. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, елімізде бауырлас халықтың беделді бизнес өкілдерінің жемісті жұмыс істеп жатқанын қалыпты жағдай деуге болады. Өйткені Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Ол қазақ-түрік іскерлік орталары арасындағы татуластық пен ынтымақтастықты айрықша атап өтті.
Мен Президент ретінде бұл ахуалды ұдайы жетілдіріп, жақсарта беруге айрықша мән беріп отырмын және бар күш-жігерімді саламын. Осы жұмыс Қазақстан үшін өте қажет. Түркия бизнесмендерінің Қазақстандағы келешегі зор. Бұған еш күмән жоқ. Ең бастысы, халықтарымыздың дүниетанымы, болмысы бір, мемлекеттер арасындағы өзара сенім деңгейі жоғары. Мұндай сенім бизнес өкілдерінің арасында берік орныққан. Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынуда. Осылайша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.