Сұрақ: Пітірді жақын туысыма берсем бола ма?
Жауап: Пітірді Құранда айтылған («Тәубе» сүресі, 60) жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, мойнында қарызы болып, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға берген дұрыс.
Кейде адам пенделік етіп, қолындағы қаржылай берілетін пітірін жақын туысына беруді қалайды. Мысалы, өзінің әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне және т.б. Бұл аталған азаматтраға садақа беру дұрыс емес.
Ал енді жоғарыда айтылғандай көмекке мұқтаж, мойынында қарызы бар немесе аятта көрсетілген адамдардың санатына жататын болса, онда пітір садақаны алдымен бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне берген абзал.
Сол сияқты пітір беретін адам қаласа мешітке, онда оқып жатқан шәкірттерге, мешітті паналап жүрген мүсәпірлерге де бере алады.
Әдетте пітірді айт намазына дейін беріп үлгірген жөн. Себебі пітір алған адамдар Рамазан айын (берекеге толы ай екенін) және айт күнін (шынайы мейрам екенін) жан-жақты сезініп, қуанышқа бөленеді. Сөйтіп келесі жылы он екі айдың ішінде Рамазан айын, мейрам күндерінің арасында Айт күнін асыға күтетіндей болуы тиіс.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ