Сұрақ: «Пітір садақаны Қадір түнінен бұрын беріп үлгеру керек» деген пікір қаншалықты дұрыс?
Жауап: Негізінде оразаның пітір садақасын Қадір түнінен бұрын немесе Қадір кешесінен кейін берсін деген ереже жоқ. Бәлкім, халық арасында Рамазан айындағы Қідір түні «тағдыр жазылатын түн» деп ерекше аталатын болған соң кейбір адамдар «Пітір садақамды осы қадір түніне дейін беріп тастайын. Сөйтіп оразамды толықтырып қойған боламын. Тағдырым қайта жазылса мойынымда қарызым болмасын» деген сияқты оймен «пітірді қадір түнінен бұрын береді» деген пікір қалыптасқан болса керек.
Дінде мұндай пікірдің негізі жоқ, яғни «пітір Қадір түніне дейін беріліп қоюы қажет» немесе «пітірді тек қадір кешінен кейін берген дұрыс» деген сияқты ұстанымдар қате.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ораза – Рамазан айында ұсталады. Пітір садақасы – ауыз ашқан күні (айттың бірінші күнінде) беріледі. Ал құрбандық – құрбан айтта сойылады», – деп айтқан (Бұһари).
Хадисте айтылғандай парыз ораза Рамазан айында ұсталады. Басқа уақыттағы оразалар Рамазан айының оразасы сияқты міндетті саналмайды. Құрбандық Құрбан айтта сойылады. Дәл сол сияқты ораза пітірі де ауыз ашылған уақытта, яғни ораза бітіп, айттың бірінше қүнінде таң атысымен уәжіп болады.
Дегенмен пітір садақаны айт намазы басталмай тұрып беру – мұстахаб. Сол үшін ғалымдарымыз «пітір садақасы Рамазан айы кіргеннен бастап, ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды» деп кеңес берген.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ