Қасиетті Құран-Кәрімнің аяттары Алла-Тағаладан ең көркем тілде нәзіл болған. Пайғамбарымыз (с.а.у) да араб қоғамында шешендік өнердің дамыған кезінде өмір сүрді. Осы себептен де, Хақ діннің Елшісі Мұхаммед (с.а.у)-ның сөзге ділмар болмауы мүмкін емес еді. Бажайлап қарасақ, Оның (с.а.у) әрбір хадисінің қисынға сай көркем теңеулермен өрілгенін аңғарамыз. Сондай-ақ, сіз айтып отырған логикалық әдіске ұқсас дініміздегі хилай-шария әдісінің Құран мен Сүннеттегі рөлі өте жоғары. Біздің мәзһабымыздың негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифа да шешендік өнер мен хилай-шарияны қажет кезде тиімді пайдалана білген. Сөзіміз дәйекті болу үшін Имам Ағзамның мына бір даналығына назар аударсақ:
Әбу Ханифаның ешбір адамды күпірлікпен айыптамайтынын естіген харижилер кәріне симай ашуға булығып, олардың ішінен жетпіс жендет сайланып, имамның басын алу үшіне Куфаға аттанады. Қылыштарын жалаңдатып салып жетіп келген харижилер Имам Ағзамды көрген жерден:
– Әй, үмбеттін қас дұшпаны! Біз сені қойша бауыздап, қаныңды шашқалы келіп тұрмыз. Сенің жаныңды алу жиһадтың абзалы. Өйткені, сен біздің жетпіс жылдық жауымызсың, – деп дүрсе қоя береді.
Әбу Ханифа еш саспастан:
– Алдымен менімен сөз таластырып көріңдер, – дейді.
Харижилер қылыштарын қынабына салмастан:
– Онда мына сауалымызға жауап бер. Мешіт алдында екі мәйіт жатыр делік. Оның бірі еркек арақ ішіп қайтыс болған. Екіншісі зинадан жүкті болып, өзіне қол жұмсап, қайтыс болған әйел. Осы екеуі кәпір ме, әлде мұсылман ба?
Имам Ағзам кідірместен өздеріне қарсы сауал қояды.
– Олар қай топқа жатады? Яһудилер ме? Әлде Христиандар ма? Болмаса, Мәжусилер ме? Бәлкім пұтқа табынушылар шығар?
– Жоқ, ол екеуі бұлардың ешқайсына жатпайды.
– Онда олар кімдер еді?
– Олар мұсылман болатын.
– Сіздер маған қойған сұрақтарыңызға өздеріңіз жауабын бердіңіздер.
– Қайтіп, қалайша?
– Сіздер жаңа ғана олардың мұсылман екендігін мойындадыңыздар. Ендеше, мұсылмандар қатарындағы адамды қалайша кәпір санайсыздар?
Сөзден оңбай ұтылған харижилер:
– Ол екеуі жаннаттық па, әлде тозақтық па? – деді дес бергісі келмей.
Имам Ағзам: – Олар туралы мен Ибраһимның (с.а.у) олардан ары ауыр күнә істегендерге айтқан сөзін айтайын. Ол (с.а.у): «Маған ергендермен, қарсы келгендерді айтар болсам, Раббым сен өте мейірімді әрі кешірімдісің», – деген. Ал Иса (с.а.у): «Оларды азаптасаң олар сенің құлдарың. Кешірсең сен кешірімшіл әрі ұлысың, хакимсың», – дейді. Нұх (с.а.у): “Саған қор кісілер ерді деп, иман келтірейік пе?”,- десті. Ол: (Нұх Ғ.С.): “Олардың не істегендерін білмеймін” деді. Егер сезетін болсаңдар, олардың есебі Раббыма тән.» “Иман келтіргендерді қумаймын.” (Шұғара, 111-114). Тағы да Нұхты (с.а.у) сөйлетейін: «Мен сендерге: «Жанымда Алланың қазыналары бар демеймін де көместі (иманы бар не жоқ екенін) де білмеймін. Мен бір періштемін де демеймін. Сондай-ақ көздеріңе ілмейтіндерге: «Алла әсте жақсылық қылмайды» демеймін. Алла олардың ішіндегілерді (иманы бар не жоқ екенін) жақсы біледі. Ол уақытта мен залымдардан болармын» (деді.) (Һұд, 31).
Имам Ағзамның Құран аяттарынан дәлел келтіруі, харижилердің шемен көңілін елжіретіп жіберді. Олар дереу тәубеге келіп, әһлі сунна ақидасына бет бұрды.