Иә, діни әдебиеттерде әртүрлі илаһи қызмет атқаратын періштелер болады. Мысалы, Жәбірейіл – Хақ Тағаладан Елшілерге уахи жеткізуші, Микәйіл – пенделерді ризық-несібесін жеткізуші, Исрафил – Қияметте сүр үрлеуші (Қиямет періштесі), Әзірейіл – пенделерінің жанын алушы, Мәлик – Тозақ періштесі, Мүнкәр, Нәкір – қабірде есеп алушы періштелер, Кираман-Кәтибин – адамның оң және сол жақ иықтарында отырып, әрбір істері мен сөздерін жазып алушылар, Хәмәләй Арш – Аршыны ұстап тұрушы періштелер. Сол сияқты «Ридуан» атты жұмақ періштесі де болады. Сонымен бірге, Құран Кәрімнің Бақара сүресінде Һарут және Марут атты екі періштенің Бәбіл халқына жіберілгендігі (102 аят) айтылады. Жалпы, періштелер Ұлы Жаратушының құзырындағы өздерінің илаһи міндеттерін мінсіз орындайды. Олар нұрдан жаратылғандықтан, ішіп-жеу, ұйықтау, қалғып-мүлгу, үйленіп ұрпақ сүю секілді пендеге тән сипаттардан ада. Періштелер өз уәзипаларын бұлжытпай орындау арқылы Хаққа қызмет әрі құлшылық жасайды. Дінімізде, періштелерге нану – иман алты шартының біріне жатады. Яғни, періштелер көзімізге кескін-кейіппен көрінбесе де, біз періштелерге илануға мәндеттіміз. Ал, періштелердің еркек немесе ұрғашысы бола ма деген мәселеге келетін болсақ, жоғарыда айтып өттік, пенделердегі нәпсілік қасиеттер періштелерде болмайды. Егер, періштелердің еркегі мен ұрғашысы болса, онда олардың үйленіп, ұрпақ сүюі мүмкін еді. Бірақ, біздің Матуриди сенімінде періштелер жынысқа бөлінбейді. Құран Кәрімде періштелердің ер тегімен аталғанына қарап, әлдекім оларды еркектікпен сипаттаса, пасық саналады. Бірақ, кәпір болмайды. Егер, періштеге ұрғашылардың қесиетін телісе, онда ол адам кәпір болады. Сол сияқты періштелерге қызтекелікті телу де күпірлік саналады. Яғни, Құран Кәрімде періштелердің (ملاك) ер текті болып келуі, сондай-ақ, арабтарда «Ридуан» атты есімнің ер адамдарға берілуі – періштелерді жынысқа бөлуге негіз бола алмайды.