Сұрақ: Періштелер адамдарды қорғайды деген сөз қаншалықты рас?
Жауап: Расында адамды барлық уақытта қорғайтын Алла. Бірақ, Жаратушының қалауымен кейбір игі амал жасаған, ізгі немесе тақуадар адамдарды сақшы періштелер қорғайды.
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте бір жын оған былай деп айтқан:
– Жатар алдында Аят әл-Курсиді оқы. Күмәнсіз, Алланың сақшы періштесі сенімен бірге болады. Таң атып ұйқыдан тұрғаныңша саған шайтан жолай алмайды – деп айтады. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Рас, бұл жолы өтірікші саған шындықты айтыпты – дейді. (Бұһари)
Сонымен қатар Алла Тағала Құранда пендені жалпы қорғап тұратын әрі оның әрбір амалын жазып отыратын періштелердің бар екені туралы да хабар береді:
«Ол – құлдарын бір Өзі билеп жүргізуші, өктем. Сендерге қорғаушы (періштелерді) жібереді» (Әнғам: 61).
Ибн Касир бұл жайында өзінің тәпсірінде былай деп айтқан:
«Негізінде адамды күндіз төрт және кешке төрт періште қорғайды. Екеуі адамның оң және сол жақтарында тұрып оның жасаған барлық жақсылығы мен жамандығын жазады. Қалған екеуі адамның алды мен артында тұрып, оны қорғайды».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы