Барша мұсылманмын деген адамдардың екінші халифасы Омар (Алла одан разы болсын) бір күні жұма құтпасын оқып тұрып мына сөздерді айтты: «Уа адамдар! Алла Елшісінің (с.ғ.с.) пікірі өте дұрыс болды; Өйткені Құдай оған [шындықты] көрсетті. Біздің пікірімізге келсек, ол тек жорамал мен болжамнан тұрады» деді.
Мұсылман әлемінің патшасы Омардың (Алла одан разы болсын) бұл сөзінен, дінді насихатта және діннің әдісі және тәсілі туралы өте маңызды мәліметтер алуға болады. Бұл жорамалды әр мұсылман әртүрлі түсінуі әбден мүмкін. Ал, біз өз түсінгенімізді бөлісуді жөн көрдік.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дінге қатысты айтқан сөздері өзінен басқа ешкімнің сөздерімен бірдей емес. Діни тұрғыдан құқықтық басымдылығы бар. Өйткені Алла елшісінің айтқан және істеген барлық амалдары Алланың бақылауында және назарында. Ал егер қателескен тұстары болса, уахи арқылы Пайғамбарымызға ескертіп, ақиқатты көрсетіп тұрады.
Раббымыз қасиетті Құран Кәрімді Елшісіне түсіргендей, онымен қатар үкім шығаруды да көрсетіп, үйреткен. Бұл сөзімізге Құран Кәрімнің мына аяты дәлел: «Расында, Алланың саған көрсеткеніндей адамдар арасында үкім етуің үшін Біз саған Кітапты ақиқатпен түсірдік» (Ниса, 105-аят)
Алла елшісінің ғана пікірлері мен шығарған үкімдері уахидың бақылауында болған. Сондықтан басқа барлық адамдардың пікірлері мен үкімдері дұрыс немесе бұрыс болуы мүмкін. Міне осы себептен қазақ даналығында: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деп, барша адамдардың қателесу мүмкіндігінің жоғары екенін айтқан. Алайда, қателестім, жаңылдым, адастым деп өзіңді жазғырма «Адасқанның айыбы жоқ, Қайтып үйірін тапқан соң» деп қоғамдық алауыздықтың алдын алып отырған.
Алғашқы мұсылмандардың және ең үлкен сахабалардың бірі, барша мұсылмандардың екінші патшасы (халифа), жәннатпен сүйіншіленген Омар Алла Елшісі Мұхаммедтен (с.ғ.с.) басқа ешкімнің пікірі, оның ішінде өзінің де айтқан сөздері мен пікірінің қорғалмағанын нақты ашып айтты. Омар (Алла одан разы болсын) көптеген мәселеге уахи түсірілмес бұрын қалай түсетінін болжаған және Алла тағала оның ойлағанына сәйкес уахи жіберген. Солай бола тұрса да, ол өз көзқарасын менікі ғана дұрыс деп санаған жоқ.
Пайғамбарлардан басқа кез келген бір адам дін туралы пікір айтатын болса, бұл тек оның өзіне ғана қатысты пікірі және бұл пікірді айтарда көптеген еңбек етіп, білімімен айтқан пікірі. Бұл пікірдің дұрыс болуы мүмкін болғаны сияқты, қате де болуы мүмкін. Кез келген ислам ғалымның немесе ұстазын меңзеп «Пәленшенің айтқаны дұрыс, өткені оған Алла көрсетіп, үйретеді» деп айтуы Алла Елшісін басқаларға теңеумен тең болып, өрескел қателікке бой алдырғандар қатарына кіреді.
Алла Елшісі Мұхаммедтен (с.ғ.с.) басқа кім болса да (сахаба, табиун, мәзһаб имамы, мәзһаб шейхы, академик, сарапшы, т.б.) кез келген пендеге «қателіксіздік» дәрежесін беру, оның көзқарасын мінсіз деп қабылдау, діндегі абсолютті билік, оны біздің діни түсінігіміз бен өміріміздегі жалғыз стандарт ретінде қабылдау – сеніммен үйлеспейді. Алла Елшісі Мұхаммедтен (с.ғ.с.) басқа адам дәрежесіне, біліміне, хикметіне, даналығына қарамастан қателесуі мүмкін. Омардың (Алла одан разы болсын) Ислам құқығы саласындағы бұл сөзіне басқа да ондаған тұжырымдама жазуға болады. Әзірше осымен тоқталайық.
Раббымыз діни пікірлер мен сөздерде, аяқта тік тұрып қателеспеуімізді берік етсін. Біздің айтқан сөздерімізді пайғамбардың айтқан сөздеріне теңеу қателігінен сақтасын. Алла Тағала жіберген Құран Кәрімнен және Алла Елшісі Мұхаммедтен (с.ғ.с.) өзге адамдарды бейкүнә, қателіксіз деп қабылдаудан сақтасын.
PhD, Бердалиев Исатай