Жүрегімізге нұр, жолымызға жарық болған сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын! Уа, мейірімділердің ең Мейірімдісі, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) мырзамызға рақымыңды төккейсің!
Адамзат пен жындарға жіберілген ең ақырғы және ең үлкен дәрежелі сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с)!
Қолыма қағаз-қаламымды алып, Сізге арнап сағыныш хатын жазу да маған Жаратқанның берген шексіз нығметтерінің бірі емес пе? Егер Жаратушының бұйрығымен мен басқа дәуірде ғұмыр кешкен болсам, Сізге дейінгі басқа Пайғамбарлардың заманында тусам, тек бір ұлтқа ғана емес, тұтас адамзатқа келер ғаламның рақым нұрын сағына, аңсап күткендердің қатарында болар едім деген үміттемін.
Раббым маған Сіз ғұмыр кешкен сәтті нәсіп еткен болса, өзінің шексіз мейірімімен алғашқы мұсылмандар легінде болар мүмкіндік те берер еді деп армандаймын.
Раббым маған қай уақытта ғұмыр сыйласа да, Сіздің есіміңізді танып-біліп, ислам нұрына шомылуыма мүмкіндік бергеніне сансыз шүкіршіліктер болсын!
Алайда Сізге деген сағыныштың ең әсем үлгісі күллі патшалығын тастап, Сізге үй салу үшін Тұббадан Ясрибке, нағашы жұртыңыздың еліне көшкен Тұбба патшасының сізге деген сағынышы емес пе? Ол сағыныштың жанында біздің сағынышымыз шаңның тозаңындай ғана емес пе?
Күллі жаратылысқа рақым болып жіберілген, уа, Расулалла, бұл үмбетіңіздің сағыныш хатын қабыл алыңыз! Арада ғасырлар өтсе де үмбетіңіздің махаббаты мен сағынышы ұлғаюда, Пайғамбарым (с.ғ.с)!
Уа, Пайғамбарым (с.ғ.с), біздер қазіргі иманы қолына «шоқ ұстағандай» боп тұрған замандағы Сіздің үмбетіңізбіз. Таңертеңгі ішкен асын түсте қайта көрмейтін, бір жеген тағамын бір күнде қайталап ішпейтін тоқтық пен байлық заманына душар болған, алайда рухани аштыққа ұшыраған заманның адамдарымыз. Қым-қиғаш осы заманда тіліміздегі түйінді шешіп, тура сөзімізді жеткізуде Сіз мейіріміңізді төгіп келесіз. Сіздің мейіріміңіз бәрінен де астам, бәрін де қамтитын орасан алып күш, иә Расулаллам!
Көншімеген көңіл мен жаралы рухымызды емдеу үшін Алланың үйіне кеп білім алып, Құран үйреніп, түсінісер жамағат іздеп жүрген біздің жанымыз тек өзіңді еске алумен, Раббымызды ұлықтап, Құран оқып-тыңдаумен ғана тыныштық табады. Сізге деген сағыныш қана тарылған дүниемізді кеңейтеді. Сәждеге барып, жанымыз кеудемізден шыққанға дейін бойдағы бар күш-қуатымыздың Сіз салып кеткен сара жолға бағытталуын сұраймыз, иә, ұлы Ұстазымыз!
Бір кездері қатыгездіктен көз ашпаған, жауыздықтың ошағына айналған мекен Ясриб Сізге құшағын жая қарсы алғанда, сол мекенді нұрланған қала Мәдинаға айналдырған асыл Пайғамбарымыз (с.ғ.с)! Сізге деген сағынышым Алланың қалауымен нұрлы қала, қасиетті мекенге самғатып жеткізген шығар… Сіздің іздеріңіз қалған осы нұрлы қала Мәдинаға аяғым жеткен сәттерім менің өмірімдегі ең мағыналы да тәп-тәтті күндер болып санамда мәңгіге сақтаулы тұр. Раудаға енгендігі бақытты шағымды еске алсам, көз жасыма ерік беремін. Ешбір сөздеріммен жеткізе алмайтын тәтті сезім ғана. Бұл сезімді, бұл сағынышты сипаттау мүмкін емес, тек сезіну керек. Сол сәттерден бері Раббымның шексіз мейірімі мен сіздің құдірет-күшіңіз алпыс екі тамырды аралап, тұтас санаммен тылсым тұңғиыққа сүңги түсемін.
Қатыгездікпен туған мекенінен айырылып, қоштасып бара жатып «Сен Алла жаратқан мекендердің ішіндегі ең құтты, игілігі мен құт-берекесі жауған қайырлы Алланың мекенісің! Мен үшін де сенен ізгі, сенен ыстық жұрт жоқ» деп мейірім төгіп кеткен Сіздің туған жер – алтын бесігіңіз қасиетті мекен Мекке біздің сағынышқа аңсаулы мекеніміз болды, уа, Пайғамбарым (с.ғ.с)! Жүректеріміз байланған мекен болды, уа, Пайғамбарым (с.ғ.с)!
Сізге деген сағынышымыз бойымызға жаза бастыратын күнәлараға жуытпайтын қорқыныш сезімін ұялатып, әр қадамымызды аңдап басуға себепші болады. Осы сезім бізді мәңгілік мекен Жәннәтқа жетелесе екен. Осы сезіммен ғылым-білімге ниеттендік, берген біліміңіздің арқасында еш қиындықта беліміз қайыспаса екен. Жүректегі сағыныш мәңгілік болып, жұқпалы болып, ортамызда ұлғая берсе екен…
Адамзат тарихындағы ұлы ұстазымыз, иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с)! Әділдігіңіз бен жаужүректігіңізді, өнегелі өмір жолыңызды үлгі тұтып, салиқалы ғұмырыңызды іздеп оқып, адамдықтың тура жолын үйреніп жүрген үмбетіңізбіз. Сағыныш сезімімізді салауаттарымызбен жеткізіп, ақырет бағында Сіздің жаныңыздан жай тауып, ақ туыңыздың астына жиналуды аңсап жүрміз, Расулаллам!
АйШаНұр
(Айсалқын Шаутимова Нұрсайынқызы)