Расулалланы сағындым,
бір мезет бізге келсе ғой.
Үмметінің жағдайын,
бір сәт болсын көрсе ғой.
Нақақ қаны төгіліп,
қатарлары сөгіліп,
Аналар отыр егіліп,
Сәбилерінен айырылып.
От шарпыған Шам елі,
Қалай болар ертеңі?
Жетім-жесір босқындар,
Кімге барып сіңеді?
Ирак, Ливия, Палестин,
Көз жасқа толды өңірі.
Байтал түгіл бас қайғы,
Қайғыға толды өмірі.
Расулалла келсе ғой,
Осының бәрін көрсе ғой…
Не деп жауап береміз?
Артынан қалай ереміз?
Аманат еткен өсиетін,
Қайдан іздеп, тереміз?
Құран, Сүннет бір жақта,
Үмметі оның бір жақта.
Мұсылманның аты бар,
Ислам болған заты тар.
Халал-харам қосылып,
Дүниеге болды кіріптар.
Уаһын түсіп жүрекке,
Бауыр халін ұмытты.
Расулалла келсе ғой,
Үммет халін көрсе ғой…
Адам ата ұрпағы,
Бір екенін ұқса ғой.
Бір-біріне жау болмай,
Бейбіт өмір сүрсе ғой.
Аманатын Алланың,
Алла ғана алса ғой.
Қағба да қайта тұрады,
Құласа да жер болып,
Өлген қайтып тұрады?
Жыласақ та ел болып.
Расулалла келсе ғой,
Үмметін келіп көрсе ғой…
Қуат ҚАБДОЛДА