Сұрақ: Пайғамбарға (с.ғ.с.) жасалған сиқыр туралы не білесіз?
Жауап: Мұхаммед пайғамбар да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болмысынан адам болғандықтан қарапайым жұртшылық сияқты ғұмыр кешті. Оның өміріне көптеп қастандықтар да жасалды. Солардың бірі әдейі жасалған сиқыр еді.
Айша анамыздан (р.а.) мына хабар келген: «Бәни Зурайқ тайпасындағы Лубайд ибн әл-Ағсам Алланың елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сиқыр жасайды. Соның салдарынан Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз алдына өзі жасамаған нәрселер елестейтін болады.
Бір түні Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйде отырып Аллаға мінажат қылады, кейін:
– Ей, Айша! Расында Алла маған шешімін тапқым келген мәселенің жауабын берді. Екі адам келіп, біреуі менің бас жағыма, екіншісі аяқ жағыма отырды. Сөйтіп ол екеуінің бірі, екіншісіне:
– Мына адамды мазалап жүрген не нәрсе? – деп сұрады.
Екіншісі:
– Оған сиқыр жасалаған, – деді.
Біріншісі:
– Оны жасаған кім? – деп сұрайды.
Екіншісі:
– Оны жасаған Лубайд ибн әл-Ағсам, – дейді.
Біріншісі:
– Сиқырды не нәрсеге жасаған? – деп сұрады.
Екіншісі:
– Сиқыр тарақ және кепкен құрма сабақтарына жасалған, – деді. Біріншісі:
– Ол қандай жерде жатыр? – деп сұрайды.
Екіншісі:
– Зураун атты құдықтың түбіне жасырылған деді, – дейді.
Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірқатар сахабаларын ертіп сол құдыққа барады. Кейін Айша анамызға келіп:
– Ей, Айша! Құдықтың суы, хна (сарғыш-қызыл) түсімен түстес тұрып қалған реңге, ал ондағы құрма сабақтарының бастары, шайтанның басына ұқсайды, – дейді.
Мен:
– Уа, Алланың елшісі! Оны шығарып тастамадыңыз ба? – деп сұрадым.
Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Алла маған дерттің шипасын берді. Сондықтан мен ол жамандықтың адамдарға әсер етуін қаламадым, – деді.
Мұнан кейін Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әмір қылып оны көмдіріп тастайды».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ