Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) өмір жолын жастар арасында насихаттау мақсатында қазақша куиз ойыны өтті.
Іс-шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталса, Әйел-қыздар секторының Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Гүлмира Ілесбайқызы сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бес айналымнан тұратын куиз ойынына Алматы Орталық мешітінен «Кәусар» тобы, Әуезов ауданы атынан «Сыддық» тобы, Алатау ауданынан «Мұстақим» тобы және Бостандық ауданынан «Зерде» тобы қатысты. Әр топ төрт ойыншыдан құралса, сайыскерлерге «Әл Хамид» мешітінің ұстазы, «Имани гүл» діни тəлім-тəрбие орталығының басшысы Жұмагүл Халилуллақызы, «Ақсай» мешітінің ұстазы Рахия Адамбекқызы, «Дінмұхаммед Қонаев» мешітінің ұстазы Ғалия Әділханқызы және «Төле би» мешітінің ұстазы Жансая Əділханова төрелік жасады.
Сайыстан бөлек әйел ұстаздар уағыз-насихат айтып, «Пайғамбарға сағыныш» иләһи әні де орындалды. Келген қонақтарға да Пайғамбарымыздың өмірбаянынан сұрақтар қойылып, сыйлықтар таратылды. Ал ойынның марапаттау рәсіміне Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қатысып, Пайғамбар өмірін үлгі еткен шәкірт-жастарға алғысын білдірді. Жүзден жүйрік шығып, жоғары ұпай жинаған «Кәусар» тобы жеңімпаз атанып, 1 000 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Екінші орын алған «Сыддық» тобына 160 000 мың теңге, үшінші орынға ие болған «Зерде» тобына 80 000 мың теңге берілсе, төртінші орынға ие болған «Мұстақим» тобына 40 000 мың теңге көлемінде қаражат сертификаты табысталды.
«Сайыс өткізудегі мақсат – жас шәкірттер арасында ислам тарихына бойлап, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан тәлім алуды насихаттау» деді Алматы қаласы бойынша әйел-қыздар секторының меңгерушісі Гүлмира Ілесбайқызы.