Қоғам үшін қиын кезеңде пайда көздеп, күнделікті тұрмыста қажет заттарды қымбат сату мақсатында жасалған алыпсатарлыққа дінде тыйым салынған. Сол сияқты нарықта тапшы болған белгілі затты бірнеше есе үстеме бағамен сату – діннің моралына қайшы. Өйткені халықтың сол затқа мұқтаж екенін көре тұра жағдайды пайдаланып, оны қалаған бағасына сату – адамға жасалған зұлымдықпен тең.
Дін Ислам басқаның шарасыздығын немесе мұқтаж екенін біліп, жағдайды жеке мүдде үшін пайдалануға тыйым салады. Керісінше мұсылман ондай уақытта басқалар үшін қолынан келгенше көмек беріп, жәрдемге асығады.
Бұған Ислам тарихындағы мына оқиға куә:
Бір күні халифа Омар мешітке бара жатып жолдың жиегінде жиылып тұрған азық-түлікті көреді. Қасындағылардан: «Мынау не?» – деп сұрайды. Олар базарға сату үшін алып келінген заттар екендігін айтады. Хазіреті Омар да халықты азық–түлікпен қамтамасыз етіп жатқан ізгі жандар деген оймен оларға берекет тілеп дұға қылады.
Мұны көріп тұрған адамдардың бірі: «Ей, мүміндердің әмірі! Сен оларға жақсы дұға етіп жатырсың, алайда бұл заттардың иелері алыпсатарлар. Олар ылғи да қиын қыстауда алып-сатумен пайда табады», – деп шағымданады.
Хазіреті Омар: «Бұл азық-түліктің иелері кімдер?» – деп сұрайды. Адамдар: «Османның азат еткен құлы Фаруһ пен сенің азат еткен құлың пәленше», – дейді. Мұны естіген Омар мән-жайдың анық-қанығын білу үшін дереу әлгі есімдері аталған адамдарды сарайға шақыртады.
Омар олардан жолдың жиегінде жиналып тұрған заттардың себебін сұрайды. Саудагерлер: «Уа, мүміндердің әмірі! Біз өз тауарымызды алып-сатудамыз», – дейді.
Хазіреті Омар: «Пайғамбар: «Мұсылмандардың азық-түлігін сақтап, кейін (үстемелеп) алып-сатқандарды Алла күйретеді немесе обамен жазалайды» деп айтқанын есіттім», – дейді. Сөйтіп олардың үстемелеп пайда табу мақсатында тауарды арзан бағамен сатып алып, сақтап, кейін сол зат тапшы болғанда қымбат бағамен сату амалы қате екенін түсіндіреді.
Хазіреті Омардың бұл айтқаны Фарухқа қатты әсер етеді. Қатесін түсінген Фаррух: «Уа, мүміндердің әмірі! Аллаға және саған сөз беремін! Бұдан кейін азық-түлікке қатысты бұлай мүлдем жасамаймын», – деп жасаған амалына тәубе етеді.
Ал хазіреті Омардың азат еткен құлы: «Өз тауарымызды сатып жатырмыз», – деп наразылық білдіріп, қара базарда алып-сатуын әрі жалғастырды. Кейін хадисті жеткізушілердің бірі – Әбу Яхия расында оның қиын жағдайға душар болғаны туралы хабар берген.
Исламдағы сауда және жалпы ахлақ нормаларына теріс келетін мұндай алып-сату адал ризықты насихаттаған Құранға сәйкес келмейді. Сол үшін Алланың Елшісі (с.ғ.с.):
«Алып-сату (спекуляция) жасаған адам – күнаһар» – деп айту арқылы адамның сол затқа мұқтаждығын пайдаланып, сыртынан оңай жолмен мал табудың дұрыс емес екенін көрсетеді (Мүслим).
Пайғамбардан (с.ғ.с.) тәлім алған Мағқил ибн Ясир – хижраттың алтыншы жылы Һудайбияда жасалған Ридуан келісіміне қатысқан сахабаның бірі. Бірде Мағқил ибн Ясир науқастанып, жатып қалады. Убайда ибн Зияд оның жағдайын сұрап, зиярат етеді.
Қасында отырған Убайди ибн Зиядқа: «Құлақ салғайсың, ей Убайдулла! Саған Алла Елшісінен (с.ғ.с.) бір немесе екі рет емес, бірнеше мәрте естігенімді айтамын: «Мұсылмандардың арасында заттың бағасын көтеру үшін ықпал еткен адамды Алла Тағала қиямет күні үлкен отпен орайды» (Ибн Ханбал).
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтқысы келгені – базар нарқын ешкімге бағынышты етіп қоймау керек. Өйткені Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасына бірнеше сахаба келіп: «Бағалар қатты қымбаттап кетті. Бағаларды сіз белгілесеңіз», – деп шағым һәм ұсыныспен келеді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) ризықты беретін де, тарлытатын да жалғыз Алла екенін айтып түсіндіреді.
Кейін: «Мен сендердің біріңе қарыз болмай, зұлымдық жасамай Алланың алдында таза күйімде барғым келеді», – деп, базар бағасына араласпау керектігін және қандай да бір зат қолданыста жүрсе, базарда белгілі ортақ баға қалыптасатынын айтады.
Сонымен қатар, алыпсатарлықпен айналысып, базардағы заттардың құнын қолдан көтеріп, адамдарға зұлымдық қылып, ақыларын жегендер үшін Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан:
«Кім азық-түлікті (бағаны қөтеру мақсатында) қырық күн сақтаса, ол кісінің Алладан ұзақтағаны сияқты Алла Тағала да одан ұзақтай түседі. Бір қауым арасында аш адамның бар екенін біліп тұрып ұйықтай алса, олардан Алланың қамқорлығы да алшақтай түседі» (Ибн Хaнбал).
Хадистен көргендей, қарапайым халық мұқтаж азық-түлікті әдейі бағасын көтеру мақсатында қырық күн сақтап, оған сұраныс артқан уақытта ойға келген бағамен сатып пайда табуды кәсіп қылушы адам – қоғамның пайдасына емес, зиянына жұмыс жасаушы алыпсатар.
Алайда Ислам ғалымдары «алыпсатарлық» тек азық-түлікті қоймаға жинаумен ғана шектеліп қалмайтынына қатысты түрлі пікір айтуда. Мысалы, затты бір жағдайға байланысты жай қоймаға жинап, кейін сату, пайғамбар (с.ғ.с.) тыйым салған алып-сатуға жатпайды. Ондай алыпсатарлық саналуы үшін сіз белгілі затты әдейі жинап, қоймада сақтап, оның базарда тапшы болуын күтіп, кейін нарыққа шығарып, қымбат бағамен сатуыңыз керек. Әлгі заттың базарда тапшы болуы шарт. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисіндегі «қырық күн» сөзі адамдардың ол затты таба алмай белгілі мерзім таршылықта қалған уақытын көрсету мақсатында айтылған десек болады.
Мысалы, қазіргі уақыттағы пандемия кезінде қажет дәрі-дәрмекті қымбат бағамен сату үшін қоймада сақтап, кейін оны дүкендерге шығарып сату – Алланың Елшісі (с.а.с.) тыйым салған спекуляция.
Әдетте сауда істеп адамдардың қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған саудагер сауап табады. Себебі ол адамдардың қажетін өтеуде. Ал енді нарықтағы бағаның көтерілуіне ықпал жасайтын немесе адамдар үшін зәру заттың тапшылығын пайдаланып, бағасын еселеп сату Ислам табиғатына, адамгершілікке де жатпайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ