Пайғамбарлардың негізгі ерекшеліктеріне баса назар аудару үшін мына жағдайды назардан тыс қалдырмауымыз керек. Діннің негізі – сенім-нанымдағы тәухид, амал іс-әрекеттегі әділдік және ішкі жан-дүниенің тазалығы мен көркем мінез-құлықтан тұрады. Хақ Елшілеріне діннің осы үш ұстынын қалай ұғу керектігін, өзгелерге қандай әдіс-тәсілмен жеткізуді түсіндіруі міндет. Осы тұрғыда олардың айтқан уағызы мен жасаған амалы бір-бірімен қабысып жатуы тиіс. Шынтуайтында, Хақ Елшілерінің өз уәзипасын қалтықсыз адал атқарғаны талассыз шындық. Қасиетті Құран-Кәрімде пайғамбарлардың өз сертіне болаттай берік болғандығы айтылады. Әлбетте, пайғамбарлардың тағдырын тағылымды етіп өрген илаһи жазмыш еді. Иә, Хақ Елшілерінің күнделікте тіршілікте ешкімнің көмегіне зәру болмай күн көргені де ақиқат. Мысалы, пайғамбарлықты толықтырушы һәм тәмамдаушы Мұхаммедтің (с.а.у) ғибратты ғұмырына назар салсақ, сөзсіз оған куә бола аламыз.
Жақсылықтың жаршысы болған Мұхаммед (с.а.у) мұқым мұсылман баласын масыл болудан сақтандырып, керісінше өз еңбегімен өмір сүруге үндеген. Осы себептен де, саңлақ сахабалар тіршіліктің ауыр тауқыметін тартса да, кісі қолына қарап күн кешуден барынша алыс тұратын. Ауф Бин Малик жеткізген мына бір оқиға осы пікірімзге дәлел бола алады:
«Біз жеті-сегіз адам болып пайғамбарымыздың қасында отырған болатынбыз. Сол сәтте Хақ Елшісі: «Алланың расулына ант бермейсіңдер ме?» деді. Біз бұл сөзді естіп аң-таң болдық. Өйткені, бәріміз бұған дейін ант берген болатынбыз. Осы себептен де, біз қаздай шулап: «Уа, Алланың Елшісі! Біз саған ант берген едік» дедік. Сонда да Пайғамбарымыз (с.а.у): «Алланың Елшісіне ант етпейсіңдер ме?», деп қайталады. Біз де өз сөзімізді қайталап: «Уа, Алланың Елшісі! Біз саған ант бергенбіз» дедік. Сонда Хақ Елшісі (с.а.у) үшінші мәрте: «Алланың Елшісіне ант бермейсіңдер ме?» деді. Содан кейін барып, біз Хақ елшісінің (с.а.у) басқа бір мәселе бойынша ант сұрап тұрғанын ұқтық. Дереу қолымызды оған қарай созып: «Уа, Алланың Елшісі! Біз саған бұдан бұрын ант берген едік. Енді не үшін ант етеміз?» деп сұрадық. Сонда Хақ Елшісі (с.а.у): «Аллаға құлшылық етіп, Оған ешнәрсені серік қоспау, бес уақыт намазды оқу, мойынсұну және (даусын біраз төмендетіп) ешкімнен бір нәрсе сұрамауға ант етесіңдер!» деді. Біз сөзге келместен сол жерде ант бердік. Кейіннен сол жерде ант бергендердің антына адал болғанын көрдім. Тіпті, Аллаға ант етейін, түйенің үстінде отырғанда қамшысы жерге түссе, оны алып беруді ешкімнен сұрамайтын, түсіп өзі алатын».
Нағында, Хақ Елшісі (с.а.у) әрбір айтқанын алдымен өзі мүлтіксіз орындайтын. Қанағатшылдық пен адал маңдай термен еңбек ету туралы да сахабаларына не айтса, бірінші өзі сол істе амалымен үлгі болатын. Оның (с.а.у) сонау балалық шағынан бастап, Мәдинада Ислам мемлекетін құрып, көз жұмғанға дейінгі өнегелі өміріне назар салсақ, сөзі мен ісінің сабақтасып жатқанына, тірі жаннан садақа алмағанына көз жеткізе аламыз.