Сияр кітаптарында Мұхаммедтің (с.а.у) бозбала шағында шопандық кәсіптен кейін саудагерлікпен айналысқандығы айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.у) сауда-саттықпен не себепті шұғылданған?
VII ғасырдың алғашқы ширегіндегі Хижаз аймағының саяси-экономикалық ахуалына назар салар болсақ, араб тайпалары үшін Мекке қаласының сауда нүктесі болғанын аңғарамыз. Меккені мекендейтін Құрайыш тайпасының негізгі кәсібі сауда-саттық болатын. Ал, осындай ортада ер жектен Алла Елшісінің (с.а.у) сауда-саттықтан шет қалуы әсте мүмкін емес еді. Сияр кітаптарында Мұхаммедтің (с.а.у) бала күнінде бірнеше рет сауда керуендеріне еріп Сирия мен Иеменге сапар шеккендігі баяндалады. Дегенмен, ол (с.а.у) жиырма үш жасында Меккенің бай саудагері Хадиша бинти Хуалидпен мудараба келісім-шарты негізінде сауда-саттық жасаған. Мудараба деп – капитал мен еңбектің ортақтығын айтамыз. Бұл келісімшарт түрі араб қоғамында Исламға дейін сауда-саттық саласында кеңінен қолданысқа ие-тін. Кейін Ислам шариғаты да мудараба келісімшартын құптаған еді. Ал, Пайғамбарымыздың (с.а.у) саудаға араласуына келер болсақ, нағында, хз. Хадиша анамыз еларалық сауда қатынасын жүргізе алатын білікті һәм бесаспап маман іздеген болатын. Хз.Хадиша анамыз осы жолы өте ірі көлемде, Ибн Садтың жеткізуіне қарағанда (Табакат) «Барша меккеліктердің тауарына тең келетін керуенді» Сирияға жібермек болған. Осы іске бас-көз болатын керуенбасы іздеп жарияға жар салады. Бұл хабарды естіген Әбу Тәліп:
* Әй, Мұхаммед! Хуайлидтің қызы үлкен керуенді жолға шығарады екен. Бұл керуен сенімен бірге шығуы керек. Біздің әл-ауқатымыз төмен. Керуеннен түсетін табысқа мұқтажбыз. Егер қабылдасаң мен барып Хадишамен сөйлесіп, саудаласайын, басқаларға бергенінен саған екі есесін берсін. Ол сенің адалдығыңды өте жақсы біледі. Менің ұсынысымды қабылдайды деп ойлаймын.
Өзін бағып-қаққан немере ағасын мұқият тыңдаған Мұхаммед (с.а.у):
* Көке сенің қалауың болсын, Мен сенің сөзіңнен ешқашан шықпаймын және сені тыңдаймын, – деп келісімін береді.
Әбу Тәліп Меккеде «Тахира» (пәк) деп танылған Хадишаға барып, керуенбасылыққа Мұхаммедті (с.а.у) ұсынады. Інісінің елгезектігіне нық сенімді болған Әбу Тәліп Хадишадан екі есе ақы талап етеді. Хадиша анамыз:
– Әй, Әбу тәліп! Расында да сен Мұхаммед үшін лайықты ақы сұрап отырсың. Менен бірнеше есе артық сұрасаң да мен қарсылық танытпас ем, – деп жомарттық танытады.
Хадиша анамыз керуенбасылыққа Мұхаммедті (с.а.у) тағайындап, Оған серік әрі бақылаушы етіп Майсара атты қызметшісін қосып жібереді. Ұзын-ырғасы үш айға созылған жолсапарда сауда керуені небір қиыншылық пен тауқыметті бастан өткереді. Керуенбасы болып тағайындалған Мұхаммед (с.а.у) өз міндетін мінсіз атқарады. Ибн Садтың жеткізуіне қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.у) Шам базарында да керуен әкелген тауарларды
сатқанда алымсақ үшін де өзі үшін де тиімді жеңіл жолмен (самаха) сауда жасайтын. Саудаласқан кезде ант бермейтін, жөн-жосықсыз ант етуді ұнатпайтын және саудаласушыларға ант ететіндей жағдай тудырмайтын. Керуенмен бірге келген өзге саудагерлер бір тең тауарды таңнан күн батқанға дейін әупірімдеп жүріп әзер сатса, Мұхаммед (с.а.у) өз тауарын әп сәтте-ақ сатып үлгеретін. Сауда есептеріне өте мұқият еді. Тіпті, ішкен бір кесе суының да есебін жасайтын. Бірде Майсара керуенбасының есепке беріліп кеткенін көріп:
* Әй, Мұхаммед! Бірнеше сағаттан бері ненің есебін шығара алмай жатырсың?
* Әй, Майсара! Керуеннің есептері мен өзімнің жеке есептерімді бөлген едім. Алайда, қалай екенін білмеймін, кішкене араласу байқалады. Керуеннің ақшасы менің ақшама қосылып кетті ме? Әлде менің ақшам керуеннің ақшасына қосылып кетті ме, білмеймін? Осылай күмәнданғанша сен куә бол! Ақшамның бәрін керуеннің ақшасына қосамын. Керуеннің бір дирхамы маған өткенше, менің ондаған дирхамым керуеннің есебіне өтсін, – деп жауап береді.
Мұхаммедтің (с.а.у) адалдығына, есепке деген кіділіген таңданған Майсара тілі байланып, үн-түнсіз қалады. Шынтуайтында, Майсара қанша жылдан бері сауда керуеніне еріп жүріп, дәл Мұхаммед Әминдей ішкі тазалығы жоғары жанды көрген емес еді.
Осы тұста айтып өтетін жайт, сол замандағы үрдіс бойынша саудагерлердің көпшілігі затын өткізу үшін ант-су ішіп жататын. Мұхаммед (с.а.у) болса, жоғарыда айтып өттік, сауда жасағанда, ант су ішпей-ақ алымсақты сендіре алатын. Шам базарында осыны аңғарған бір яһуди саудагері Алла Елшісіне (с.а.у) Меккенің ең атақты пұттары Лат пен Уззаның атынан ант етуін сұрайды. Жаңа ғана күлімсіреп тұрған Мұхаммедтің (с.а.у) түрі қара күреңтіп, өзгеріп, қабағы түйіліп, даусы да өзгерып сала береді. Сонда, Шамның базары болашақ пайғамбардың мынадай қатқыл, кесімді сөздерін естіді:
* Сен мен сенбеген, жансыз нәрселердің атынан мені ант етуге шақырып тұрсың ба? Мен сүйкімсіз пұттардың атынан ешқашан ант етпеймін.
Алла Елшісінің (с.а.у) арайлы дауысын естіген Шам базары әп-сәтте илаһи реңкке бөленіп, басынан мүлде басқа рухани күйді кешіреді. Әлгі, яһуди саудагер болса, таңданған күйі базардан ұзай береді.
Көп ұзамай Мұхаммед Әмин бастаған сауда керуені көл-көсір табыспен Меккеге оралады. Ол (с.а.у) иненің жасуындай да қате жіберместен, Хадишаға мұқият түрде есебін тапсырады. Хадиша анамыз Мұхаммед Әминнің елден ерек ұқыптылығына, адалдығына аң-таң қалады. Шексіз разы болған Хадиша анамыз керуенбасыға келісілген ақыдан артық ақы беріп, түрлі сыйлықтар тарту етеді. Кейін бұл сыйластықтың соңы бір отбасының құрылуына себеп болады. Сондай-ақ, Алла Елшісінің (с.а.у) бұл сауда серіктестігі хз.Хадиша көз жұмғанға дейін жалғасқан еді.