Мұхаммед (с.а.у) анасының құрсағында жатқан кезде-ақ, әкесі Абдолла Ясрибте жантәсілім етті. Одан қала берді алты жасқа келгенде әкесінің қабірін зиярат етіп қайтып келе жатқанда Әба деген жерде анасы Әминаны мәңгілік сапарға шығарып салады. Бұрын әкесіз жетім болса, енді тұл жетім атанды. Қасында екінші анасы саналған Үммү Әйман Мұхаммед (с.а.у)-ды Меккедегі атасы Абдулмутталибке табыстайды. Құрайыш тайпасының бетке тұтар беделді ақсақалы саналған Абдулмутталиб сүйікті немересін бауырына басып, оны қал-қадерінше өсіріп жеткізеді. Абдулмутталиб немересін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, анасының орнына ана, әкесінің орнына әке болып, барынша мәпелеп өсірді. Алайда, Абдулмутталиб сүйікті немересі сегіз жасқа толғанда жан тапсырып, бақилық болады. Көк өрім бала үшін бұл аянышты жағдай болғанымен, жазмыш Алла Елшісін (с.а.у) қатал тағдырдың тезіне салып, келешекте көретін қазабатына баули түскен-ді. Сөйтіп, жантәсілім етерде атасының айтқан өсиеті бойынша Мұхаммед (с.а.у) немере ағасы Әбу Тәліптің үйіне барып, қашан ер жеткенге дейін осы көкесінің қамқорлығында болады.
Сол кезде сегіз жасқа шыққан өрімдей оғлан (с.а.у) ешкімге жүк болғысы келмей, көкесі Әбу Тәліптен қой бағып, шопандық кәсіппен шұғылдануға рұқсат сұрайды. Көкесі інісінің меселін қайтармай, оның (с.а.у) «қой бағамын» деген ниетіне қүптап, қолдау білдіреді. Мұхаммед (с..а.у)-ның жас та болса, өз-өзіне бас болып шопандықпен шұғылдануы, оның (с.а.у) кейінгі ұлы миссияны атқармас бұрын басынан кешірген ұлы еңбек мектебі еді. Иә, жазмыш оған (с.а.у) өмірдің ащы-тұщы дәмін таттырып, қоғамның әртүрлі сатысынан өткізіп, илаһи ұлы істерге жастайынан баулыды. Қой қайырып, мал күзеткен сол күндері туралы пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларына: «Алла шопандық жасамаған ешқандай пайғамбарды жібермеген», деп шопандық кәсіптің артықшылықтарын айтып беріп отыратын. Сахабалары: Уа, Алланың Елшісі! Сен де (шопан) ме?», деп сұрағанда, Хақ Елшісі (с.а.у): «Иә, мен де Меккенің Карарит деген жерінде қой бағатынмын», деген болатын. Қасиеті Құран Кәрімде Мұхаммед (с.а.у)-ның пайғамбар болғанға дейінгі өмірін былайша жеткізеді: «Сәске уақытына, тым-тырыс түнге ант. Раббың сені тастамады да, кейімеді. Әрине, сен үшін ақырет дүниеден жақсы. Әлбетте, Раббың саған береді де разы боласың. Сені жетім түрде тауып орналастырмады ма? Сені абыржуда көріп, жолға салмады ма? Сені кедей көріп, байытпады ма? Ендеше жетімді қорлама, Сұраушыны зекіме. Раббыңның нығметін білдір» (Дұқа, 1-11).
Иә, Алла Елшісі (с.а.у) жетімдіктің тақсыретін тарта жүріп, сегіз жасқа толғанында ешкімге масыл болмай, өзінше кәсіп қылған болатын. Бұл сөз жоқ, Пайғамбарымыздың (с.а.у) адамзат баласын ерінбей еңбек етуге үндеген сұлу сүннеті еді.