Яһуди дінтанушысы Иосиф Бурга: «Ораза тұтып, біз тәнімізді азаптағанымызбен, жан-сарайымызды жадыратамыз. Құлшылықтың бұл түрі әрбір яһудиді ұшпаққа (яһва) шығарады» деп, ораза тұтуды жан-тәнімен құптайтынын білдіреді.
Дағфал ибн Ханзаланың жеткізуіне қарағанда, Хақ тарапынан Ислам діні нәзіл болғанға дейін христиан дінінің өкілдері жыл сайын бір ай ораза тұтатын болған. Бірде олардың билеушілері қатты науқастанып, оның дертінен айығып кетуі үшін халқы отыз күн оразасына тағы да он күн артық ауыз бекітуге ниет етеді. Билеушілерінің беті бері қарағанмен, сырқатынан құлан-таза сауығып кете қоймайды. Христиан билеушілері толық айығып кетсін деп, Құдайға жалбарынып, тағы да жеті күн ораза тұтуға ниет етеді. Осыдан келіп, христиандарда қырық жеті күн ораза тұту үрдісі қалыптасқан.
Христиандардың қасиетті кітабы Інжілде ауыз бекітудің парыз екендігі туралы нақты айтылмайды. Бірақ, Зәкәрия бөлімінің жетінші тармағында: «Жетпіс жыл бойы бесінші және жетінші айда тұтқан оразаңызды таяқ жеген кезде мен үшін тұттыңыз ба? Сондай-ақ, ішіп-жеуді өзіңіз үшін істемейсіз бе?» (Киелі кітап, Зәкәрия бөлімі) — деп бұйырылады.
Інжілдің Мадда нұсқасының алтыншы бөлімінің он алтыншы тармағында: «Сонымен бірге, ораза тұтқан кезіңізде, екіжүзділер секілді сурет ілмеңіздер; өйткені олар өздерінің ораза тұтқандарын жұрт білсін деп суреттерін іліп қояды. Ең дұрысы сіздерге айтарым: Олар қарымтасын алды. Бірақ, сен ауыз бекіткен кезде, басыңа май жағып, жүзіңді жуу. Адамдарға емес, ораза тұтып көзге көрінбейтін Раббыңа көрінесің. Ол саған (құлшылығыңның) қарымтасын береді» деп бұйырылған.
Хасан Басри мен Муфассар Суддидің айтуына қарағанда, христиандардың бір тармағы көктем мезгілінде елу күн ауыз бекітетін болған. Ал, Христиан дінінің православия бағытын ұстанушылар әрбір жыл сайын төртінші сәуір мен бесінші мамыр аралығындағы пасха мерекесінде ораза тұтады.
Имам Ғазалидің жеткізуіне қарағанда, Яһуди және Христиан діндерінде ораза тұту парыз құлшылықтардың бірі болғанымен, Ислам дініндегі оразадан біршама өзгешеліктері бар. Яһуди және Христиан діндері бойынша таң сәресінде ауыз бекітілмейді. Сонымен бірге, бұл діндерде жылдың қақаған қысы мен шіліңгір ыстығында ораза ұсталады. Ораза ұстаудың мерзімі мен шарттарында да біршама ерекшеліктер бар. Десек те, Иуда және Христиан дінін ұстанушылар ораза тұту құлшылығына ерекше құрметпен қарайды.