Сұрақ: Өзіне өлім тілеуге бола ма?
Жауап: Дін ислам адамның өзіне де, өзгеге де өлім тілеуіне тыйым салады. Жанды берген Алла, оны алатын да Өзі.
«Соның салдарынан Біз Исрайыл әулеттеріне: «Бұрын өзі адам өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған нақақ адамды өлтіруші кісі – барлық адам баласын өлтіргенмен тең. Ал егер біреу бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), ол – барлық адамды тірілткенмен бірдей болады», – деп үкім шығардық» (Мәида: 32).
Аяттан көргеніміздей Ислам адамды өлтіру немесе өзіне өлім тілеу емес, керісінше адам өмірін құтқаруға, оның өміріне тілектес болуға шақырады. Адамды және жалпы тіршілік иесін өлтірмеуге бұйырып, табиғатты қоршауға шақыратын дін Ислам жұмсақтыққа, мейірімге негізделген.
Негізінде адам баласы өлімді қай кезде тілейді? Әдетте басына түскен ауыртпашылық немесе қиындық пен айықпас дерт келсе, берешек қарызы көп болып өмірден түңілген сәтте және т.б. жағдайларда өмірмен қош айтысқысы келеді. Мұндай жағдайларда Алланың елшісі (с.ғ.с.) үнемі дұға қылатын.
Әнас ибн Мәликтің жеткізген хадисіне сәйкес пайғамбар былай мінәжат еткен: «Ей, Алла! Қайғы-қасіреттен, жалқаулық пен сараңдықтан және қорқақтықтан, қарызға батудан әрі қауымның азғындығынан сақтай гөр!» (Нисай).
Сондықтан Исламда адамың өзіне өлім тілеуіне немесе өзіне қол жұмсауына құқы жоқ. Бұл тыйым салынған әрекет. «Мен өз-өзімді өлтірсем, бұған ешкім жауапты емес» деген пікір қате. Адам бұл қылмысы үшін Алланың құзырында өзі жауапты:
«Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» (Ниса: 29-30).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ