Дін адам баласына – үлкен рухани, тәрбиелік мектеп. Адамдар сенің бойыңнан қателік көрсе, ол діннің кемшілігі емес. Ислам діні – саф таза дін. Сол себепті де, Алла және Оның елшісін таныған мұсылман айналасына мейірімді, нәзік сыпайы кісі болуға күш салуы тиіс.
Осылайша шынайы мұсылман өз дінінің парыздарын орындап, Алланың сүйікті құлы болуға ұмтылады. Әбу Дәрда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанын былайша жеткізеді:
«Алла Тағала иманды жаратқанда, иман: «Уа, Жаратқан Ием! Маған қуат бер!» – деп дұға қылды. Алла Тағала оны жақсы мінезбен және жомарттықпен қуаттады. Алла кәпірлікті жаратқанда, кәпірлік: «Маған қуат бер!»-деді. Алла оны сараңдық және жаман мінезбен қуаттады».
Осы ретте Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына сөзі ойымызды қуаттай түседі: «Алла Тағала бұл дінді Өзі үшін таңдаған. Міне, сондықтан дініндегілерге жомарттық және жақсы мінезден басқа нәрсе жараспайды. Сөзіме құлақ салып, діндеріңді сол екі қасиетпен әсемдеңдер».
Әнас бин Маликтің айтуынша: «Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге кетіп бара жатқан едім. Үстінде йемен матасынан тігілген шапан бар болатын. Алла елшісінің (с.ғ.с.) артынан бір адам келіп, жағасынан қатты тартқанда шапанның жағасы мүбәрәк мойнын ауыртып, ізі қалып қойды. Расулулла жолдан кері қайтуға мәжбүр болды. Әлгі адам зекет мүлкінен бір нәрсе сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның бұл әрекетіне мүлдем ашуланған жоқ. Керісінше, оның бұл жағдайына күлімдеді. Жанындағыларға оған бір нәрсе берілсін деп әмір берді».
Осы көрініс пайғамбар сипатын паш еткендей. Ол біреуге ренжіп, ашу шақырмады. Өзін байсалды ұстап, істің байыппен шешілуін қалады. Міне, мұсылманның бойынан осындай сипат табылуы тиіс. Сол кезде айналасындағы адамдармен жақсы байланыста болады.
Әзіреті Мәулана: «Өзгеге дертке шипа болар балдай бол, мұңайтатын тікен болма», – деген екен. Бал қандай шипалы болса, тікен жанды ауыртатын нәрсе.
Пендеміз ғой… Кейде болмайтын істе қателік жасап, көңілге қаяу түсіріп аламыз. Ал шындығында, көңіл – Хақтың назары түсетін жер. «Гүлдің әдемі бейнесін көргің келсе, күздігүні сабағын сындырма!» деген керемет тәмсіл бар. Бұл дегеніміз, адамның күліп тұрған, жылы жүзін көруді қаласаң, ашулы сәтінде көңілін жықпа дегенді меңзейді.
Біз тілден келетін апатты ұмытып кеттік. Ұмытқанымыз соншалықты, әлеуметтік желіде біреуді асыра мақтап, енді біреуді жерден алып, жерге салып отыруға етіміз үйреніп кетті. Он күнәнің тоғызы – тілден. Адамды жәннатқа апаратын да, тозаққа жетелейтін де тіл екен. Осы тілдің кесірінен көңілді де пәс етіп аламыз.
Дінімізде Алланың кез келген құлын қор көру, оны ренжіту Алла Тағаланы ашуландырады. Ұлы адамдар көңіл мәселесіне бей-жай қарамаған. Мұндай жүрек иесінің Алла Тағаламен байланысы болатындығын естен шығармаған. Алла Тағала “Бақара” сүресінің 264-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және ақырет күніне иман келтірмеген күйде, дүние-мүлкін рия (елге көрсету) үшін сарп еткен жан секілді, (берген) садақаларыңның (құнын) міндетсіну және ренжіту арқылы жоймаңдар!» – деп ескертеді.
Ұлылар дүниенің жалғандығын «бес күндік» ұғыммен өлшеген. Адамдармен түзу қарым-қатынаста болу, ешкімді ренжітпеу және ешкімге ренжімеу – нағыз имандылықтың белгісі.
Әркім ғұмырын саналы өткізгісі келсе, қоғамға пайдалы болуды көздейді. Құлшылығына, амал-әрекетіне мән береді. Біреуден зәбір көрсе, оны тілдемейді, өзінен дәрежесі асып кетсе, оны күндемейді. Бұл – үлкен парасаттылық. Тіліндегі тәттілікпен, ахлағындағы көркемдікпен, жүзіндегі күлімсіреумен, бойындағы жомарттықпен жан баласына жамандық қаламайды десе де болады.
Мәулана: «Алланың құзырына алтын толы мыңдаған кесе апарсаң да, Хақ Тағала: «Бізге бір нәрсе әкелуге бел байласаң, өзің шат-шадыман етіп, ішкі жан сарайын тыныштыққа бөлеген біреуді әкел», – дейді.
Абдулла ибн Зұбайырдың ұлы Әмір пақыр-ғаріптерге жәрдем етіп тұратын. Оларды ренжітпеу үшін үнемі жақсы бір әдіс қолданатын-ды. Жәрдемге мұқтаж кісілер сәждеге жығылған уақытта ақша салынған әмиянды аяқкиімдерінің қасына көрінетіндей етіп тастап кететін болған. Осы әрекетін сұрағандарға: «Олардың бірінің мен жіберген кісімен немесе менімен кездескенде жерге қарауын қаламаймын. Сондықтан осылай жасаймын», – деп жауап берген екен. Бұл жерде кісінің көңіліне қаяу түсіретін әрекетке бармай, көңілдің тазалығын бағалауды байқауға болады.
Бірде жаман мінезді ұлына әкесі шеге толы жәшік беріп: «Маңайыңдағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір шегеден қағып отыр», – дейді.
Алғашқы күннен бастап баласы тақтайға көп шеге қағып шығады. Бір күні тақтай беті шегеге толып кетті. Мұны көрген әкесі:
«Ал енді, балам, бүгіннен бастап, сол достарыңмен татулас! Татуласқан әр күнің үшін тақтайдан бір шегеден суырып алып отыр», – дейді.
Арада біраз күндер өтіпті. Бір күні тақтайдағы барлық шеге шығарылып бітеді. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, жарадың!” – депті.
– Алайда, мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы! Шегелерді суырғанда қалып қойған іздерді, көп тесікті көріп тұрсың. Бұл дегенің – тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмайды деген сөз. Достармен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр жаман сөз артына мына шегелер тәрізді шұрқ тесік қалдырып отырады. Артынан татуласып, жолдасың мың жерден кешірдім дегенімен, мына тесіктер секілді көңілде кірбіңнің бәрібір сыз болып қалып кететіндігі шындық. Сондықтан ешбір досыңмен жүз шайыспа, балам!» – деген екен.
Өмірлік оқиғаға қарап отырып, әр нәрседен сабақ алуға болады. Сол үшін де Хақтың назары түетін көңілге кірбің түзіруден аулақ болайық.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ