Орамал әйелдің қорғанышы, арұятының күзетшісі. Біздің бүгінгі негізгі кейіпкеріміз – Хаджар есімді қыз. Оның анасы Меруерт ханым ол небәрі үш жасында басына орамал байлап, тек ұзын көйлек киюге әуестенгенін баяндап берді.

Кейіпкердің айтуы бойынша, отбасымен бірге намаз оқып, дінді ұстанады. Қазіргі таңда үш баланы тәрбиелеп отырған ана. Үлкен қызы Хаджар бес жаста, ұлы үш жаста, кішкентайы алты айлық сәби.

 

– Қызыма жүкті болғаннан бастап Құран сүрелерін көп тыңдайтынмын, діни кітаптарды да оқитынмын. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі демекші, нәресте ата-анасынан көргенін қайталайды және сол нәрсені бойына сіңіріп өсетіні сөзсіз, – дейді анасы.

Хаджар бір жарым жаста болған кезде орамал тағуға қызығушылық таныта бастаған екен. Ол кезде ата-анасы аса мән бермей, балалықпен ойнап жүр деген ойда болған.

– Қызымның бір ерекшелігі – тілі ерте шықты. Бір жарым жасында толығымен сөйлеп кетті. Сол кезде мен онымен ашық сөйлестім. Орамалды не үшін таққысы келетінін сұрағанымда «маған ұнайды» деді. Бірақ мен оған ешқашан мәжбүрлеп таққызған емеспін. Әрине, күнде болмаса да, ара тұра тағып тұратын. Көбінесе көпшілікке шығатын кезде өзі сұрап байлап алатын, – дейді Меруерт ханым.

 

Анасы тумасынан ерекше бойжетіп келе жатқан қыз үш жасында толығымен басына орамал тағып, тек ұзын көйлек кие бастағанын айтып берді.

– Менің өмірімде орамал деген дүние үлкен қадам болып есептелгендіктен, қызымды бірден ескерттім. Сол кезде ол бес жаста болатын. Орамалдың құндылығын, оны тағудағы негізгі мақсатты түсіндірдім. Яғни, әйел адам әурет жерін жауып жүруін, бөтен адамдардың көзіне түсірмеу керектегін айта бастадым. Ана мен қыз ретінде сол кезден бастап сырластық, – дейді анасы.

Меруерт ханымның айтуы бойынша, Хаджар төрт жасында балабақшаға барғанда, тәрбиешілер қарсылық танытқанға ұқсайды. Сондықтан ол жерде балалармен қатар киінуге тура келгендіктен, ұзын болмаса да көйлек, етегі бар киімдер киген екен.

– Аллаға шүкір, қызым үйдің ауласында балалармен ойнаған кезде оны ешкім бөлексінген жоқ. Себебі, ол кез келген адаммен тез тіл табысып кететін елгезек, – дейді.

Мен одан бес жастан асқан кезде тағы орамалды не үшін таққысы келетінін сұрадым. Ол «әдемі шашымды ер адам көрмеу керек», «әдемі, таза болып жүргім келеді» деген жауабымен мені таңғалдырды. Кейде күн ыстық, тақпай-ақ қой десем де, басынан тастамайды, – дейді.

Хаджардың анасы қызым орамал тақса да, оның балалығына балта шабылмайды дейді. Сондай-ақ оның тағдырына кесірі тимейтінін алға тартты.

– Қызым басқа балалар секілді өсіп келе жатыр. Қалаған затын алып береміз. Айта кетсем, телефон ұстайды, гимнастикаға барады, спортпен де шұғылданады, т.б.

Менің ойымша, орамал таққан қыз балада ұят қасиеті басым болады. Мысалы, үлкеннің жолын кеспейді, құрметтейді, көпшілік ортада өзін ұстау әдебін біледі, – дейді анасы.

Сондай-ақ негізгі кейіпкеріміздің анасынан «мектепке барғанда қиыншылық туындамай ма?» деп сұрағанда «бәрі адамның ниетінен» деп жауап берді. Қазіргі заманда шешілмейтін дүние жоқ екендігін айтты. Бәрі уақыттың еншісіне қарай орын алатынын да атап өтті.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу