Заң шығару палатасының депутаттары көп әйел алу мен бетті жабатын діни киім киюді шектейтін және ер мен әйелдің теңқұқылығына байланысты кодекстерге түзетулер қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
5 қыркүйекте Олий Мажлис заң шығару палатасының жалпы отырысында депутаттар әкімшілік жауапкершілік туралы кодекс пен қылмыстық кодекске түзетулер пакетін қарады.
Заңда азаматтардың ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе діни қатыстылығына қарай артықшылығын немесе кемсітуді насихаттағаны үшін жауапкершілік белгілеу көзделеді.
Бұдан басқа, некесін заңды тәртіппен тіркемей, діни рәсіммен некелескені үшін жауапкершілік енгізіледі.
Депутаттар Өзбекстанда дін бойынша некеге тұра салатындардың саны артып келе жатқанын, соның салдарынан көп әйел алу жағдайлары жиі кездесетінін атап өтті.
Парламенттің төменгі палатасының мәліметі бойынша, некесіз туған балалардың саны да өсті. Өзбекстан бойынша 2022 жылы 18 955 бала некесіз туған тіркелді. 2021 жылы 19 037 бала, ал 2020 жылы 16 564 бала некесіз тіркелген.
АХАЖ органдарында тіркелмеген неке әке болуды белгілеуге, алимент тағайындауға, мұраға байланысты проблемаларға әкеп соғады.
Заңда екі немесе одан да көп әйелмен бірге тұруды насихаттау, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің тең құқықтарын ашық түрде жоққа шығарғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сондай-ақ қоғамдық орындарда азаматтардың жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін киім кигені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.