Елімізде өмірден түңіліп, өз-өзіңе қол жұмсайтын жастардың қатары көбейген. Оларды мұндай шарасыздыққа не итермелейді? Өмір сүргісі келмей, өмірден баз кешетіндерге қандай факторлар әсер ететіні жайында психолог мамандар және олардың мәңгілік өмірге барғандағы жазасының қаншалықты ауыр болатыны жөнінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өкілдері Kazislam порталының тілшісіне айтып берді.
Болып жатқан жағдайларды ескере отырып, Діни басқарма өмірдің қиын сәттеріне шыдай алмай өз өмірін оңай үзе салатындарға арнайы пәтуа шығаруды ұйғарды. Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлінің айтуынша, адамды Жаратушы – Алла Тағала. Ал адам баласы өз-өзін, тіпті, өзінің бір мүшесін де жаратпаған. Адам баласына берілген өмір – Алла Тағаланың оған берген аманаты. Ешбір пенде бойындағы жан иесі емес. Сондықтан олар оны қию былай тұрсын, тіпті, оған зақым тигізулеріне құқы жоқ.
– Өз-өзіне қол жұмсау немесе суицид – саналы түрде өзін өмірден қасақана айыру және бұл адамдарға ғана тән қаситет. Суицид – девианттық (ауытқушылық) мінез-құлықтың ең асқынған түрі. Бұл мәселенің өзегі – адам баласы бұл қадамға саналы түрде баруы. Адамзат тарихы мұндай жандарға оң көзбен қарамаған. Ислам да суицидті айыптаған. Өзіне қол салған адам, оны қалай жасағанына қарамастан, Жаратушының қалауына қарсы шығып, Алла Тағала қасиетті еткен өмірге зұлымдық еткен болады,-дейді Пәтуа бөлімі.
Қазақстан психологтар лигасының мүшесі, кәсіби психолог Лимана Құттыбекқызы адамның мұндай қадамға баруының бірнеше себептерін атап өтті. Көбінесе өмірлік қуаты сарқылып энергиясы нөлге түсетіндер осындай әркетке жақын болады дейді.
– Адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін факторлар ол медициналық (психикалық ауытқу), рухани дағдарысқа ұшырау, мазасыздық, терең созылмалы күйзелісте жүру, жалғыздық, шешімі жоқ болып көрінген басындағы қиындықтары: өмірдің мәнін жоғалту, шарасыздық, қысым көру, қарызға кіріп шыға алмау. Сондай-ақ медицинада және психологияда қызыл аймақ деген тіркес бар, яғни бұл адамдардың көзіне айналасы сұрғылт тұман болып көрінеді. Алайда суицид құрбаны бұл шешімге бірден келмейді. Оны жасамас бұрын ойша шешім қабылдайды, сосын айта бастайды. Яғни, сөзден әрекетке қарай көшеді. Осы кезде жақын туыстары, достары, тіпті, таныстары да өзгерісті байқайды, бірақ мән бере бермейді. Осы кезеңде алдын алуға мүмкіндік бар, – дейді, психолог.
Ақиқатында бұл дүние – сынақ алаңы
Алла Тағала айтады:
«Әрине сендерді қауіп-катер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, Мухаммад (саллаллаһу ‘аләйһи уә сәлләм), сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бір қайғы жетсе: «Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз, әрі Оған қайтушымыз»-деді. Міне соларға, Раббылары жақтан жарылқау және мәрқамет бар. Әрі олар тура жолдағылар»[1].
Қасиетті Құранның бұл аяттарынан анық болған мәселе – Ислам мұсылмандарды өмір қиыншылықтарына сабырлы болуы тиіс.
Бауыржан Әбдуәлі өзін-өзі өлтірген адам екі бірдей күнә істеген болады дейді. Оған қоса өзіне қол жұмсаған адам өлгеннен соң тәубесіне келіп аталмыш екі күнәдан тазара алмайды. Алайда ақыл-есінен айырылу жағдайында өзіне қол жұмсау – бұл өзге мәселе екендігін алға тартады. Мұсылман түрлі сынаққа төтеп беруі тиіс және түрлі қиыншылықтан қамығып, тағдырда белгіленген нәрседен қашуы жараспайтынын айтады.
– Ақиқатына келер болсақ, адам баласы қолын суға малу үшін емес, бәлкім күрес үшін, түрлі қиыншылықтан қашып-құтылу үшін емес, соларды шешу мақсатында жаратылған. Мұсылманның Алла Тағалаға деген иманы мен қажымас қайсарлығы оны өмірден қаша жөнелуіне жол бермейді. Мұсылмандардың сенімді қаруы мен оқөтпес қалқаны бар. Ол – нық сенім және адамгершілік қасиеттерінің тұрақтылығы. Ал өлтіру және үмітсіздік тым ауыр күнәға жатады.[2] Ислам суицидке мүлдем қарсы. Ислами тұрғыдан алғанда адам өмірін қию, ол өзінің немесе біреудің жаны болсын, өте ауыр күнә. Себебі Исламда адам өмірі – тым бағалы зат. Түп негізінде өз-өзіне қол салу мен біреуді өлтіру қылмыстарының өзара айырмашылығы жоқ. Себебі екі қылмыстың негізінде бір әрекет жатыр – өмірді қию. Сондықтан Алла Тағала суицид және біреуді өлтіру қылмысына тыйым салып айтады: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең»[3].
«Бір адамды өлтіру барлық адамды өлтіргенмен тең» деген сөзді қалай түсіну керек?». Құранның бұл аяты қоғамдық сана және рухани тәрбие мәселелеріне қатысты. Жазықсыз бір адамның жанын қиған адам іштей өзге де айыбы жоқ адамдардың өмірін қиюға дайын болып тұрады. Сонымен қатар бұл аятта «факааннама» (сияқты, тәрізді) деген сөз бар. Бұл сөздің ұғымы: әрине бір адамның өлімін бүтіндей бір қоғамның өлімімен салыстыруға болмайды. Алайда жеке тұлға мен қоғамның арасында ұқсастық бар, – дейді Діни басқарма маманы.
Психологтың айтуынша, әлеуметтік желілерде, телеарналарда өзіне қол салған негативті токсинді ақпараттар жарысып айтылып жатады. Бұл ақпарат жанына тыныштық таппай жүрген жандар үшін дайын жауап, жарнама болып көрінеді.
– Бұндай ақпарат жарияланбағаны жақсы, өйткені менің алдыма жақынын жоғалтқан талай адамның айтқаны «теледидардан не әлеуметтік желідегі оқиғаны көріп, хат жазып, дайындалып» сондай әрекетке барғандарын айтады.
Шарасыз күйде жүрген адам «мен не үшін өмір сүремін, өмірдің мәні неде?!», «ерте ме, кеш пе, бәрібір барар жер сол жақ», «өлсем, жақсы болар еді» дегендей сөздерді жиі айта бастайды. Ары қарай сол сөздерін растайтын факторларды қабылдайды: «сүйгенім тастап кетті», «мен ешкімге керек жоқпын», «жұрт не дейді, барлығы сатып кетті», «жұмыссызбын, дұрыс жұмысқа тұру үшін таныс керек, ақша керек», «менде ол жоқ» деп іштей реніші арқылы өмірден өзің әп сәтте қия салады.
Құрбан ойымен де, сөзімен де жауап алғандай болады. Бұлар сол миға сіңген механизмді іске қосатын ынталандырушы факторға айналады. Осы кезде айналасындағы адамдар назар аударып, психологқа апарып, не болмаса жеке әңгімелесу арқылы сая көңіліне медеу беруі керек. Мүмкін болмаған жағдайда дәрігерге жүгінген жөн,-дейді Лимана ханым.
Ал Шариғат бөлімінің маманы Ислам саналы түрде өзіне қол салған, сол арқылы Алла Тағаланың пешенесіне жазған тағдырдан құтылуға тырысқан өзін-өзі өлтірушіні қатты кінәлайды. Жарақаттың ауырғанына сабыр етпестен өз жанын қиған пенде жәннаттан мақрұм калып жатса, онда бизнесте шығынға ұшырау, емтиханды тапсыра алмау немесе қыз оны сүймеу себебінен өз өзіне қол салғандар жайында не десе болады?!
– Ислам тарихында мұсылмандар өз-өздеріне қол салу жағдайлары болмаған. Бұдан Алла Тағала сақтасын! Жарылғыш затқа оранып алып адам көп орында өз-өзін жарған да өзін өлтіруші әрі өзгелерді өлтіруші болады. Мұндайдан бізді Алла Тағала сақтасын! Себебі өзін-өзі өлтірушінің барар орны – тозақ. Бұл айтылғанға жоғарыда айтылған Құран аяттары мен Пайгамбарымыздың (саллаллаһу ‘аләйһи уә сәлләм) хадистері дәлел. Ислами көзқарас бойынша Алла Тағала бүкіл әлемнің соның ішінде адам баласының да Жаратушысы. Сондықтан барлық жаратылған Алла Тағаланың иелігінде. Кімнің өмір сүріп, кім о дүниелік болатынын да тек Алла Тағала шешеді. Өмір – Алла Тағаланың ұлық рахметі. Өмірді беретін де, алатын да – жалғыз Алла Тағала[4]. Алла Тағала айтады:
«Уа, мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай»[5].
Расулуллаһ (саллаллаһу ‘аләйһи уә сәлләм) айтады:
«Өзін таудан қасақана тастап өлтірген адам тозақ отына мәңгілікке орналастырылып сонда үнемі төмен ұшып құлайтын болады. У ішіп өзін қасақана өлтірген адам тозақ отына қолына ішкен уын ұстаған күйде мәңгілікке орналастырылып сонда үнемі сол уын ішетін болады. Өзін темір қарумен өлтірген адам тозақ, отына мәңгілікке орналастырылып сонда сол қарумен өзін өлтіріп жатады».[6],- дейді Бауыржан Әбдуәлі.
Расулуллаһ (саллаллаһу ‘аләйһи уә сәлләм) айтады: «Сендер дүниеге келуден бұрын бір адам жарақаттанады. Соның азабына шыдамай ол пышақпен өз білегін тіліп жіберіп, нәтижеде қан кетіп өледі. Осыған қатысты Алла Тағала былай деді: «Менің құлым өмірмен қоштасуға асығып өзін жәннаттан мақрұм етті»[7].
Психолог Лимана ханымның айтуынша, әлемдегі күннен-күнге артып бара жатқан жасөспірімдер мен жастардың арасындағы жантүршігерлік өкінішті оқиғалардың алдын алуды мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалар арқылы шешу керек. Яғни, бұл үдеріске әрбір мемлекеттік орган, педагог, тәрбиешілер, ата-аналар, психолог барлығы атсалысып, жауапкершілікті әркім өз мойнына алу керектігін психолог маман алға тартты.
Суицид – Алла Тағаланың заңына қайшы. Өз жанын қию немесе біреуді өлтіру – екі іс те Ислам талаптарына теріс. Себебі Исламда адам өмірінен құнды нәрсе жоқ.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ
«Бақара», сүресі, 155-157 аят.
http://www.islamdag.ru
«Мәида» сүресі, 32 аят.
“http://www.islamology.ru” «Ниса» сүресі, 29-30 аят.
Бухари, 5778.
Бухари, Муслим.