Өткен жолы Отырар өңіріне қатысты екінші толқындағы кие-тақырыптық хикаялар легін толғатқан едік. Енді үшінші лекке назар аударыңыз.
Арыстанды-Қарабас желі
Бұрынғы өткен заманда бір ауылдан ауру шығыпты. Ол өте жұқпалы, аса қатерлі ауру екен. Адамдардың көбісі сол аурудан көз жұмыпты. Сонда елдің қайғысын көрген Арыстанбаб құдайдан бұл ауруды ұшырып алып кететін жел тілепті. Алла Арыстан бабтың тілегін қабыл етіп жел беріпті. Кенет жел күшті соғып, ауылдағы ауруды алып кетеді. Осы желден кейін ауылдың адамдары аурудан айығып, жазыла бастапты.
Көнекөз қариялар «Бұл желді Арыстанбабтың жалғыз өзі, қара басы тілеп, елді апаттан алып қалғаны үшін «Арыстанды-Қарабас желі» аталыпты.
Шымкентті орыс алғанда Мәделіқожаның айтқаны
Ақпатшаның жорықшы армиясы 1865 жылы Шымкентті алған екен. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда бұл уақиға дала жыл санауында Тышқан жылының сейсенбісі күні түстен кейін болған. Сонда елдің бір бөлігі үркіп: «Жиделібайсын жерге ауамыз ба?» дегенде ақын әрі батырдың айтқан жырынан үзінді:
Айналайын Әзіреті,
Әулиенің кені еді.
Тоқсан тоғыз машайық,
Отан қылған жер еді.
Жұрттың пейлі кеткен соң,
Нәшүкірлік өткен соң,
Машайықтар бас болып,
Қожа Ахмет әулие,
Меккеге қарап жөнеді.
Әзіреті Қара тау,
Мал салушы едік сыртыңа,
Жар болушы еді Әзіреті,
Сан сиынған мұртына.
Әзіреті мұннан кеткенді,
Зиярат Мекке еткенді.
Он жылдан соң келермін,
Көшіп кеткен жұртыма.
Көндіре алды орыс та,
Шолақ қорған, Созақты.
Алдына барған қазақтан,
Алғанын қайта бермеді,
Қазақ қалды азапқа.
Алдағанын білмеді.
Әулиелер жай қылған,
Қара бір таудың көбесі,
Күндік жерден көрінген,
Әзірет Сұлтан төбесі.
Бейдәрет бармас қасына,
Құс қонбаған басына,
Орыстың шығып ойнады,
Қамшыдай қатқан немесі.
Әулиелер жай қылған,
Қара бір таудың бұлағы.
Дін мұсылман амалды,
Қыла алмады мұндағы.
Біздің қазақ бейшара,
Киіктің жетім лағы.
Тұрқым, көркім ұқсайды,
Түркілер тонын қомсайды.
Бұғыз алды таңдайды,
Медет бер деп жылайды,
Тескен тауға барсаң да,
Алғанын орыс қоймайды.
Дін мұсылман жоқ болды.
Есіткеннің құлағы,
Падшадан қуат болмады.
Орыс келіп алған соң,
Жылаған адам көп болды.
Кәпір болды бегіміз,
Бар ма еді бізде кегіңіз,
Кәпірге қайрат қылмадың,
Осы ма еді теңіңіз.
Орыс келіп жақсылар,
Араласты пұлымыз.
Айналайын Әзірет,
Орыстың қалдық қолында,
Қуббайы жасыл тоныңыз
Қор болды бейсар соңыңыз,
Айналайын Әзіреті,
Ата жолмен қойыңыз.
Әзіретіні алған соң,
Жасын көзім тауысты,
Орыс алды қонысты,
Мұсылманның ішіне,
Орыс қойды болысты.
Он тоғыз кентін алып тұр,
Күллі қазақ налып тұр,
Құдайдан қайтпай бұл орыс,
Ташкенге қолын салып тұр.
Өзін Әзіретәліге теңеген шабондоз
Атағы жер жарған, абыройлы отырарлық шабандоздың бірі Пошан екен. «Мыңнан тайлақ» дегендей өзі жұрттан асырып салым салса, оның өнерін марапаттаған қошеметшілер аяқ-қолын жерге тигізбей мақтап жатса, қайраты мол, желпінген бақтылы шабандоз өзін көрсетіп-ақ жүреді. Сөздің ұрынысы келген бір жолы ол «Әзіретәлі де өзіміз сияқты адам шығар» деп салыпты. Шабандоздың аузынан оқыс шығып кеткен осы сөз, бірден-бірге тарап, ел аузында мысалға айналып кетеді.
Ел-жұрт емес, өз-өзін Әзірет Әліге теңеген жігіт малы жоқ кедей, басында қара лашық, жалғыз соқыр шешесі бар, тұрмыс жағынан тәңірісі құлашын жаздырмаған жан көрінеді. Құдайдың бойына берген өлшеусіз қайратының арқасында алған абыройдың, атақтың буымен, көпшіліктің дәріптеген демеуімен көңілі тасып, асқақтаған Пошанның мүлт кеткенін байқаған жергілікті Сыздық ұста бір жиында: «Әзірет Әлінің қамыс шайласы, соқыр шешесі бар ма екен?» деп оны сөзге тоқтатып, сабасына түсіріпті. Әзіл-оспаққа шебер Сыздық ұстаның дегенін де жұрт іліп әкетеді.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ