Сұрақ: Отбасында бала тәрбиесіне кім жауапты?
Жауап: Перзент дүниеге келген алғашқы күндерінен бастап, ата-анасының тәрбие күзеті мен қамқорлығына алынады. Сондықтан да дін исламда бала тәрбиесіне тек анасы немесе әкесі ғана жауапты деп бөліп жармайды. Бала тәрбиесі екі жаққа да ортақ. Әрине, бала тәрбиесінде ананың орны айрықша болғаны сияқты әкенің де өзіндік орны бар. Бірақ баланың бойындағы ізгілік, жақсылық атаулының бәрін, оның үлгілі болуға тырысқан талабын көтермелейтін ата-ана. Сол үшін баланың адал да ізгі адам болып өсуі үшін оған ата-анасы үлгі болуға тиіс. Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Барлық бала мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди немесе дінсіз етеді» (Табарани).
Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып: «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла», – деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған. Егер балаға қажетті көңіл бөлінбей назардан тыс қалса, жамандықтың ортасында өссе, бақытсыздыққа ұшырап, ата-анасын да сары уайымға батырады. Бұл жағдайда күнәнің ауыртпалығы оны осы күйге түсірген ата-ананың мойынына артылады. Алла тағала Құранда:
«Ей, мүминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғыңдар», – деп ескертеді (Тахрим: 6).
Сондықтан да ерлі зайыптылар отбасында «қыз тәрбиесі тек ананың міндеті» немесе «ұл тәрбиесі тек әкенің міндеті» деп бір-біріне сілтемей әке мен ана тәрбиеге ортақ ат салысады. Бала тәрбиені ата-анасының бір-біріне деген мейірімді қарым қатынасынан алады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Қазір отбасы туралы сыңаржақ өз білгендерін істеп жүр, дін атын жамылатындар да бар. Осындай жазбаларды оқыту керек оларға