Сұрақ: Ұйықтар алдында арнайы дұғаны оқу шарт па?

Жауап: Ислам мұсылман адамның жүріс-тұрысына, басқалармен қарым-қатынасына, отбасы және қоғамдағы өміріне арнайы көңіл бөледі. Оны барлық уақытта әдепті, сабырлы және өнегелі болуға шақырады. Сол себепті де оның әрбір әрекеті жақсы және жаман немесе құптарлық және қайтарылған амал таразыларымен өлшенеді. Ал енді мұсылман баласына барлық нәрседе өнеге болатын тұлға, ол – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Мүмин адам Алла елшісінің (с.ғ.с.) құптаған, мақұл көрген және өзі өмірінде мұсылман үмбеті үшін сүннет етіп қалдырып кеткен амалдарын неғұрлым көп орындаса, соғұрлым сауап табады әрі жақсы амал жасаған саналады. Сонымен пайғамбардың (с.ғ.с.) көрсеткен, айтып келкен немесе жасаған амалын қайталау – сүннетке жатады. Дәл сол сияқты ұйықтар алдында арнайы дұғаны оқып жату да — сүннет. Мұны орындау міндеттелмейді, бірақ оқып жатсаңыз онда сауап табасыз.

Өзіміз де бала кезімізде атамыздың ұйықтар алдында ақырын ғана күмбірлеп, (Алладан есен-амандық, түннің тыныштығын сұрап) дұға айтып жататынын көріп өстік.

Хузәйфа және Әбу Зарр (Алла ол екеуіне разы болсын) мына риуаятты жеткізген: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) төсегіне жатқанда: «Аллаһуммә бисмикә әмуту уа ахия» – деп дұға ететін еді» (Бұһари). Бұл дұғаның қазақша мағынасы: (Ей, Алла! Сенің есіміңмен көз жұмып, Сенің есіміңмен қайта тірілемін).

Сол себепті де әдетте мұсылман адам ұйықтар алдында осы дұғаны оқып жатады.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу