Соңғы кездері отанды сүюді ұлтшылдықпен шатастырып, дінімізге жат нәрсе дейтіндер де кездесуде. Олар өздерінің пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеу үшін «Отанды сүю иманнан» деген сөздің хадис емес екендігін алға тартуда. Бұл сөздің хадис жинақтарында жоқ екендігі, дегенмен мағынасының Ислам қағидаттарына қайшы келмейтіндігі әлдеқашан ғалымдар талқылап қойған. Әрі бұл сөзді хадис деп емес, мағынасы терең қанатты сөз деп айтылып жүр. Сондықтан бұл сөздің хадис болмауы қолдануға болмайтын, қате сөз дегенді де білдірмейтіні анық. Керісінше ислам тағылымдарынан туындағандығын өсиет. Бұл сөз хадис пе, жоқ па деген мәселені ғылыми, яғни хадис ғылымы тұрғысынан талқыласақ, орынды әрі зарарсыз. Ал бүгінгідей саяси тұрғыдан талқылау – үлкен қателік, дін дұшпандарының ойынына алдану деп айтар едім.
Ертеден бері мұсылман елдеріне көз тіккен отарлаушы елдер мұсылмандардың отанын қоғауды иманының міндеті деп білгендіктен қарыс жері үшін қанын төккенін, бір уыс топырағын дүниенің бүкіл асыл тасына айырбастамайтындығын анық көрді. Сондықтан кезінде хадис ғылымының мәселесі болған «Отанды сүю иманнан» деген сөзге берілген ғылыми үкімді, ахлақи, саяси үкімге айналдырып мұсылмандар арасына жайды. Яғни отанды сүюдің иманға, мұсылманға қатысы жоқ деген түсінік қалыптастыруды көздеді. Сол арқылы мұсылмандарды отандарына бей-жай қарайтын халге түсіруге тырысты. Мақсат – өздерінің арам ойларын оңай іске асыру.
Шын мәніне келетін болсақ, өз тарихымыз да, жалпы мұсылман тарихы да Отан қорғаудың жарқын үлгілеріне толы. Сондай-ақ, соңғы ғасырлардағы мұсылман әлемінің тарихында отар болып, бодандықта қалудың жанкүйзелтір ащы сабақтары да жетерлік. Тарихтан ғибрат алған ел ғана болашағын бағамдай алатындығын ұмытпайық.
Сондықтан ары тарт та, бері тартқан бүлікке, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығы, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі үшін білек сыбана еңбек ету мемлекетшіл жанның міндеті. Себебі тыныштықта ғана дін дамып, ел имандылыққа қол жеткізеді.
Халық даналығынан
Бұлбұл гүлзарын сүйеді,
Адал адам Отанын сүйеді.
* * *
Жауда қалған бұлбұлдан Отанға кайтқан ит артық.
* * *
Орағың өткір болса, қарың талмайды,
Отаның берік болса, жауың алмайды.
* * *
Отан елдің анасы,
Ел ердің анасы.
* * *
Отан үшін отқа түс – күймейсің,
Арың үшін алыссаң – өлмейсің.
* * *
Отаны бірдің жүрегі бір,
Жүрегі бірдің тілегі бір.
Тұрар Түгелұлы,
Дінтанушы