Медальдің екі жағы болатыны тәрізді, аралас мектеп туралы көпшіліктің пікірі біркелкі емес. Бірі жақтайды, бірі даттайды. Жақтайтындар аралас мектептерді ұлттық мектептерге апаратын алтын көпірге балайды. Даттайтындар «мұндай мектептерде бәрібір орыс тілі басымдыққа ие, қазақша сынып дегеннің әншейін аты ғана» дейді. Дегенмен, қазақтілді ортада жақтайтындардан гөрі даттайтындардың басым екенін ашық айту керек. «Аралас мектептерден қайтсек арыламыз?» дейтін сұрақтың қойылуы да сондықтан.
Ұлытау облысында барлығы 88 мектеп бар. 2022-2023 оқу жылында мұнда барлығы 39 601 оқушы оқыған. Соның 19 153-і – қазақ, 18 795-і – аралас, 1 653-і орыс мектептерінде білім алған. Қазақ мектебіне қатысты жағдай түсінікті ғой. Сондықтан біз аралас және орыс мектептеріндегі оқушылардың ұлттық құрамы қандай, олар қай тілде оқып жүр деген сұрақтардың жауабын іздестіріп көрдік. Сондағы көзіміздің жеткені, өткен оқу жылында аралас мектептер негізінен облыстың Жезқазған және Сәтбаев қалаларына орналасқанын білдік. Айталық, Жезқазғанда – 12, Сәтбаевта 6 аралас мектеп бар. Ал мұндай мектептер саны Қаражалда – 3, Жаңаарқа ауданында – 2, Ұлытау ауданында – 3. Бұл – былтырғы көрсеткіштер. Биылғы ахуал қалай? Сөйтсек, жаңа оқу жылын Ұлытау облысының білім беру ұйымдары бірнеше жақсы жаңалықпен бастағалы отыр.
Біріншіден, биылдан бастап облыста таза орыс тілінде сабақ жүргізетін бірде-бір мектеп қалған жоқ. Облыста бұған дейін бар-жоғы үш қана орыс мектебі, атап айтқанда, Сәтбаев қаласында – 2, Қаражал қаласында 1 мектеп болған екен. Биыл бұл мектептерде алғаш рет қазақ сыныптары ашылатын болды. Таза орыс мектептерінің жойылуы – облыста былтырдан бері басталған үрдіс. Өткен оқу жылында ашылғаннан бері орыс мектебі болып келе жатқан Жезқазғандағы №26 мектепте алғаш рет қазақ сыныптары пайда болып, 1-сыныпқа оқушылар қабылданған еді.
Екіншіден, облыспен аттас Ұлытау ауданында аралас мектептердегі орыс сыныптарына құжат қабылдау мүлдем тоқтатылды.
Үшіншіден, биыл облыс бойынша 4 342 бала мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Осы балалардың 81,3 пайызы, яғни, 3 519-ы қазақ сыныптарына таңдау жасапты. Ал қазақ сыныбын таңдау өткен оқу жылында 1-сыныпқа барғандардың арасында 67 пайызды құраған еді.
Әрине, мұндай оң өзгерісті естігенде қуанасың. Бірақ мұның арғы жағында қаншама еңбек жатқанын да түсінген абзал. Өйткені, ешқандай өзгеріс өздігінен бола қалмайды. Өзі қазақ бола тұра ұл-қыздарының орыс мектебінде немесе орыс сыныбында оқығанын қалайтын қазақ аз ба? Аз емес. Осы орайда, облыстағы өткен оқу жылындағы аралас мектептердегі оқушылардың ұлттық құрамы туралы да айта кетейік. Мысалы, Жезқазған қаласындағы 12 аралас мектепте былтыр барлығы 8 993 бала оқыса, осының 4 486-сы қазақ сыныптарында білім алған. Ал орыс сыныптарында оқығандар саны – 4 507. Бір қарағанда қазақ сыныбында оқитындар көп секілді. Бірақ… Өзге ұлттар өкілдерінен 16 бала ғана қазақша, ал орыс сыныптарында қазақтың 1 711 баласы оқыған екен. Мұндай жағдай басқа қала, аудандағы аралас мектептерде де орын алған. Тағы да мысалға жүгінейік, Сәтбаев қаласындағы 6 аралас мектептің орыс сыныптарында оқитын 2 149 баланың 931-і – қазақтың қарадомалақтары, ал 634-і – орыс балалары. Сәтбаев қаласындағы өзге этнос өкілдері арасынан 34-і ғана балаларын аралас мектептердегі қазақ сыныптарына беріпті, 574-і орыс сыныптарын таңдапты. Өзіміздің қазақ ата-аналары балаларын орысша оқытуға беріп жатқанда өзге этнос өкілдеріне қайтіп өкпе артамыз?..
Қаражал қаласы мен қазағы қара ормандай тұтасып тұратын Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында әлі күнге дейін аралас мектептердің бар екеніне сене қою да қиын.
Қаражал қаласындағы жағдай түсініксіздік тудырды. Қаладағы 3 аралас мектепте барлығы 1 657 бала оқыса, мұның 1 282-сі қазақ сыныптарында білім алған. Орыс сыныптарында оқыған бар-жоғы 375 баланың да 62-сі қазақ екен. Сонда Қаражалға 3 бірдей аралас мектеп не үшін керек болды екен? Немесе Ұлытау ауданын алайық. Мұнда да 3 аралас мектепте барлығы 815 бала оқыған, мұның 748-сі – қазақ сыныбында, 67 бала ғана орыс сыныптарында білім алған. Сол 67-нің 18-і – қазақ. Жаңаарқа ауданында да осы тақылеттес жағдай. Ауданда 2 аралас мектеп бар. Мұнда оқыған 1 141 баланың 863-і – қазақ сыныбын таңдаған, орыс сыныптарындағы 278 оқушының 112-сі қазақтың баласы. Не дейсіз енді? Осындай мәліметтерге қарағанда, Қаражал қаласы мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында бұған дейін аралас мектептерден арылу бағытында шөп басы сындырылмағаны байқалады. Басқаша қалай ойлауымыз керек?
«Балаларын қай тілде оқыту ата-аналардың шешіміне байланысты, егер олар орысша оқытқысы келсе, біз не істей аламыз?» деп алақан жайып ақталу білім саласының айналасында жүрген үлкенді-кішілі жұмыс істегісі жоқ шенеуніктердің ойлап тапқан сылтаулары ғана секілді. Кейде мектеп басшыларының немесе кейбір мұғалімдердің тарапынан орыс сыныптарының сақталып қалуына деген мүдделілік те болуы мүмкін. Өйткені сағаттары азайып немесе мүлдем жұмыссыз қалулары да кәдік. Мұны да ескеру керек.
Аралас мектептерді азайту, ата-аналар арасында балаларын қазақ тілінде оқыту бағытында насихат жұмыстарын жүргізуге мектептерге негізі жоғарыдан тиісті талап, нақты нұсқау берілгені жөн. Еліміздің мемлекеттік тілін үйренуге, сол тілде білім алуға көпшіліктің қызығушылығын арттыру жолдарын қарастырмаса болмайды. Ұлытау облысында білім беру ұйымдарындағы сөз басында айтылған жақсы жаңалықтар осындай жүйелі жұмыстың жемісі екені айтпаса да түсінікті.
– Облыс құрылып, білім басқармасының басшылығына келгенде қалалық жерлерді айтпағанда, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында аралас мектептердің бар екенін көргенде, таң қалғаным рас. Сөйтіп, өткен оқу жылынан бастап Ұлытау ауданында орыс сыныптарына құжат қабылдау тоқтатылды. Бұрынғы орыс сыныптары әрине, жабылмайды, оқушылар оқуын жалғастырып, бітіріп шығатын болады. Қаражалдың 2 аралас мектебінің біреуін ғана қалдырамыз. Жаңаарқада да солай өзгереді. Ата-аналармен сөйлесу, жағдайды түсіндіру керек. Орыс сыныптарын бітірушілер арасында педагогика мамандықтарын таңдайтындар азшылық. Қазіргі орыс мектептеріндегі, орыс сыныптарындағы мұғалімдердің көпшілігі зейнет жасындағы немесе соған жақын қалған мұғалімдер. Таяу болашақта орыстілді мамандар тапшылығы орын алуы әбден мүмкін. Осыны ата-аналар, әсіресе, өзіміздің қаракөздер біле бермейді, – деді бізбен әңгімесінде Ұлытау облыстық білім басқармасының басшысы Сафура Төлекова.
Сонымен Ұлытау облысындағы 26 аралас мектептің орыс сыныптарында оқыған оқушылардың үлес салмағы өткен жылы 39,2 пайызды құраған екен. Ал биыл бұл көрсеткіштің азая түсетіні сөзсіз. Орыс сыныптарындағы қазақ баласының үлесі 38,4 пайыз болған. Егер қазақ балалары тек қана қазақ сыныптарында оқып, орыс сыныптарында орыс және өзге этнос өкілдері ғана оқыған болса, олардың үлес салмағы аралас мектептердегі оқушылардың бар болғаны 24,1 пайызын құрайды екен. Бұл нені білдіреді?
Біріншіден, бұл қалай десек те, орысша оқу азайып, қазақша көбейіп келе жатқанының айқын мысалы. Екіншіден, орысшадан ажырағысы жоқ қазақтардың да баршылық екенін көрсетіп отыр. Орыс сыныптарындағы қазақтар үлесінің 38, 4 пайыз болуы қатты ойлануды қажет етеді. Үшіншіден, көп нәрсе білім беру ұйымдарына байланысты екені байқалады. Облыс құрылған айналасы екі жылға жетер-жетпес уақытта бұл бағытта қаншама оң өзгеріс болды. Әрине, аралас мектептердің алаңдататыны рас. Бірақ «таң атпайын десе де, күн қоймайды» демей ме? Ұлытау облысының білім басқармасы тарапынан қолға алынып жатқан қарекеттер «таңның тезірек атуы» да тек өзіміздің жанды іс-қимылымызға байланысты екенін көрсетпей ме?
Абдолла ДАСТАН,
Ұлытау облысы