2022 жылдың 8 қарашасында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының алаңында «ХХІ ғасырдағы Орта Азия көршілес елдерінің мәдени татулығы» онлайн-конференциясында Орта Азия елдерінің жетекші сарапшылары, қазақстандық және халықаралық ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері мазмұнды пікірлерімен бөлісті.
Конференцияның негізгі мақсаты – Орта Азиядағы көршілес елдердің рухани және мәдени татулығын нығайтуда, сондай-ақ Орта Азия елдерінің әріптестігін жандандыру.
Іс-шарада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Б. Бакиров, ИЫҰ жанындағы ислам, өнер және мәдениет тарихын зерттеу орталығының (IRCICA) басшысы Э. Килич (Түркия), БАӘ Ұлттық қорғаныс колледжінің профессоры және халықаралық мәдени Дипломатия институтының Басқарма мүшесі А. Әл-Шатери (БАӘ), Өзбекстан мұсылмандары Діни Басқармасы Төрағасының орынбасары И. Иномов, ҚМДБ уағыз және насихат бөлімінің басшысы Б. Мансұров, Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие Шіркеуінің Іс Басқарушысы Қаскелең епископы Геннадий, Орталық Азия католиктік епископтары конференциясының төрағасы, Алматы қ. Қасиетті Троица епархиясының ординарий епископы Х.Сиерра, Орта Азиядағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы директорының м. а. М.Магнуссон, Бас мүфтидің көмекшісі, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ө. Сұлтанов, «Еуразияның еврей қауымдастықтарын қолдау жөніндегі Ұлттық комиссия» ҮЕҰ төрағасының орынбасары, Бас атқарушы директорының орындаушысы М. Левин (АҚШ), ҚР ТҮРКСОЙ өкілі Б.Омаров (Түркия), Абай атындағы ҚазҰПУ ЮНЕСКО-ның Педагогика және мұғалімдерді даярлау кафедрасының меңгерушісі И. Халитова, Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы Т.Козырев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев сөз сөйледі.
Конференцияда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атынан Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Б. Бәкіров сөз сөйлеп, «Қазақстан – қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен және басқа да ұлт өкілдерімен ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп келе жатқан зайырлы көп этникалық мемлекет. Алдағы уақытта да Орта Азияның барлық елдері түрлі этностар мен діндердің басын біріктірген, бейбіт заманның алтын бесігі болып қала беретініне сенімдімін», – деді өз алғысөзінде.
Өз сөзінде ИЫҰ жанындағы ислам, өнер және мәдениет тарихын зерттеу орталығының (IRCICA) басшысы Махмуд Эрол Килич конференцияға шақырту алғанына ризашылық білдіріп, Орталықтың халықаралық іс-шараларын ары қарай да қолдайтынын жеткізді.
«Конфессияаралық және өркениетаралық диалогтың серпінді халықаралық платформаларын қолдау біздің заманымызда күн сайын маңызды мақсатқа айналуда. Н.Назарбаев орталығы ұйымдастырған бүгінгі конференция осы бағыттағы тағы бір сәтті шара болды. Біздің IRCICA орталығы да осы мақсатты қолдайды. Осы саладағы біздің міндеттеріміздің бірі – диалогқа қатысты тақырыптар туралы ғылыми ақпарат беру арқылы мұсылман әлемі мен басқа да ірі өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілету», – деді Махмуд Эрол Килич.
Шетелдік және қазақстандық сарапшылардың сөздерін қорытындылай келе, Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII Съезінің қорытындыларына тоқтала келе, Съезд декларациясының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Б. Сәрсенбаев Қазақстан Орта Азия елдерімен сенім, ынтымақтастықты нығайту жұмыстарын жандандыруға әркез дайын екенін атап өтті.
«Тату көршілік пен тиімді әріптестік қағидаттарының негізінде мемлекеттеріміз мәдени-гуманитарлық салада өз әлеуетін тиімдірек іске асыра алады. Бұдан Орта Азия мемлекеттері де, басқа елдер де ұтылмайтынына сенімдімін. Біздің басты мақсатымыз – мәдени мұрамызды сақтай отырып, Орта Азияны гүлденген аймаққа айналдыру», – деді Б.Сәрсенбаев.
Жалпы, конференция барысында қатысушылар конфессияаралық диалогты дамытудың, мәдени-гуманитарлық диалог бағыты бойынша, оның ішінде конференцияға қатысушы елдердің өңірішілік байланыстарының өзекті мәселелерін талқылады.