Біз жер бетіне Құдіретті де Мейірімді Иемізді тану үшін, нығметін сезініп, шүкірлік жасау үшін; «дін-махаббат» аманатын арқалап, «орынбасарым» деген сенімін ақтау үшін; тіршілікке сән мен мән дарыту үшін, нәтижесінде мәңгілік сыйына ие болып, қадір-құрметке бөлену үшін келгенбіз! Осы Мақсатты жүзеге асыру үшін Ұлы Раббымыз бізді сынақ-тәрбиесінен өткереді…
Рамазан – тәрбие айы; тақуалыққа, сабырға тәрбиелейтін ай! Ал тәрбие дегеніміз – рухты күшейтіп, нәпсіні (тән мен менмендікті) бағындыру; Мейірім, Парасат, Ерік-жігер, Ар-намыс секілді рухани сипаттарды жетілдіріп, менмендік, тәкаппарлық, көреалмаушылық, жалқаулық, нәпсіқұмарлық, немқұрайдылық секілді нәпсәни сипаттардан барынша арылу; «мен» деген сезім-түйсікті рухани өзекке – жүрекке бағыттау, сол рухани өзегіңді «басшы» қылу. Яғни тәрбиенің мақсаты – ар-иманыңа сүйене отырып, рухани жетілу; пендеден Адам болуға ұмтылу…
Ораза құлшылығы осыны іске асырады: тәбетіңізді шектейсіз, құмарлығыңызды тежейсіз – тәніңізді тізгіндейсіз; абайлап сөйлеп, байқап қарайсыз, сұрыптап тыңдап, аңдап басасыз, ойыңызды бақылап, ашу-ызаға ілеспейсіз, көңіл күйіңізге (настроение) бағынбайсыз – нәпсілік қуатты меңгеріп үйренесіз! Осылайша бір ай бойы тәнге, Эгоңызға байланған «меніңіз» бірте-бірте рухани өзекке ауып, «жалған мен»-іңіз бен «нағыз мен»-іңіздің айырмасын бағамдап үйренесіз. Ақыры «мен» дегенде жан-жүрегіңіз, рухыңыз «сөйлейтін» болады!
Байқайсыз ба: оразаны кім (не зат) ұстағысы келмейді, намазға тұруға кім (не зат) ерінеді, садақа беруден кім (не зат) тартынады, кім (не зат) шаршап-жүйкелеп тұрады? Тәнге байланған нәпсі ғой! Осы қудың әсер-күшін кім жеңе алады, сол Ер болады! «Жиһадтың үлкені – нәпсімен күрес» деп сол үшін айтқан ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!)
Иә, пенделік «менінен» көтеріле білген, Рухын (нағыз менін немесе өз болмысын) тапқан жан – нағыз Мұсылман, мықты Азамат, адал Дос болады! Жасампаз, құрбаншыл, кешірімшіл, тәубешіл, шүкіршіл Адам болады!..
Рухына бағынған жан азат адамға айналады! Өйткені: түп мағынасында Рухқа бағыну – Жаратушыға бағыну!.. Ал, осы Жолдың, осы даму үрдісінің басы – қарапайым тәндік қажеттіліктерді тізгіндеп үйренуден, ораза тұтудан басталады…
Иә, Ораза арқылы нәпсімізді тізгіндеп, өзімізді меңгеруді үйренеміз (Ал өзін меңгерген – отбасын меңгереді, отбасын меңгерген – ауыл-аймағын, елін меңгере алады…). «Пенделік меннен» көтеріліп дағдыланамыз. Алланың назарын сезініп, Ақыреттік сананы қалыптастыра түсеміз. Рухымыз – би, нәпсіміз – қызметшіге айналады!..
Зер салсаңыз, Адамның өмір жолы осы даму үрдісін, осы өсуді көрсетіп тұр емес пе? Бала кезіңде өзіңді ғана ойласаң, есейе келе дос пайда болады: «біз» дей бастайсың, досың үшін намыстанып, жауапкершілік арқалайсың; үйлендің – «мендік шекараң» «отбасы» дейтін көкжиекке кеңейіп, кеудең құндылыққа тола бастайды; жасың ұлғайған сайын «туысым», «ауылдасым», «елім» деп, көптің қамын ойлап, жүгін арқалап, есейе түсесің! Ақыр соңында «адам баласы – бауырым, мұсылман баласы – жақыным, әр қазақ – менің жалғызым!» деген Санаға көтерілеміз (бұйырса). Ғибратты, мәнді ғұмыр – осы болса керек!..
Бағалағанға бақ тұрып, қадірлегенге құт қонатыны анық. Ендеше Рамазанды да қадірлей білген жанға құт-береке дарымақ!..
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ