Иә, шынында да, Рамазан айы жаз мезгіліне сәйкес келген уақытта Ораза ұстау да біраз қиындап жатады. Күн ұзақ әрі ыстық болған соң қарын ашқаннан бұрын қалай шөлдемеуге болады деген мәселе бәрімізді де көбірек толғандыратыны рас.
Әрине, ораза ұстағандар осы Рамазан айында шөлдемеудің алдын алуға бағытталған тәжірибелерін бір-бірімен бөлісіп жатады. Осы тәжірибелерге талдау жасап көрсеңіз көптеген жақсы ұсыныстарды кездестіресіз. Мен де мамандар ұсынған тәжірибелердің біршамасын зерттеп көрдім. Солардан түйгенімді бөлісе отырайын.
Мамандардың айтуы бойынша, ораза ұстаған кезде организм күндіз қорек алмағаны үшін бауыр ферменттерінің жұмыс істеу ритмі бұзылады да бауырдың әлсіреуіне себеп болады. Осының алдын алу үшін бауырдың жұмысын күшейтетін бақбақ, артишок сусыны, өсімдіктер және жеміс-жидектерді пайдалану ұсынылады.
Сонымен қатар, Рамазан айында көбірек құрмамен қоректенген жөн. Зерттеушілер құрманы көбірек пайдаланған адамдардың организмінде витаминдердің азаймайтыны байқалғанын жазып жатыр.
Ал, газдалған сусындарды пайдалану мүлдем ұсынылмайды. Қазіргі уақытта пайдалануға ыңғайлы деп газдалған сусындарды көбірек таңдап жатамыз. Алайда, газдалған сусындар керісінше қатты шөлдетеді. Олар организмді уақытша рахаттандырғанымен, жарты сағат өтпей денені қайта шөл қыса бастайды. Оның орнына өрік, алхоры, шиеден жасалған сусындар мен компоттарды пайдалану керек. Аталған сусындар біріншіден шөлдетпейді, екіншіден қандағы қант құрамын қалпына келтіріп, қан қысымын қалпында ұстап отырады. Осылайша, келесі күні емін-еркін ораза ұстауға мүмкіндік береді.
Оразаларыңыз қабыл болсын!