Мұсылман баласы қасиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы Алланың дүние істеріне (бейбіт өмір, денсаулық, мал-мүлік, баспана, көлік т.б.), дін істеріне (жақсы амал жасау, намаз оқу, ораза ұстау, қайырлы білім алу, тақуалық т.б.), ақырет істеріне (азғантай амалына мол сауаптың жазылуына) қатысты берген нығметтеріне шынайы түрде шүкіршілік етудің мәнін түсінеді және соған сай амал жасауға тырысады.
Шүкір ету дегеніміз – жүректің Аллаға деген махаббаты, дененің Алланың бұйырған құлшылықтарды орындауы, тілдің Алланы үнемі ұлықтап, еске алуы. Адам шүкір ету арқылы Құдайдың берген нығметін мойындайды, Ол бұйырған істерді бұлжытпай орындайды. Осы амалдарды көбірек орындаған адамның шүкірлігі де жоғары деңгейде болады.
Алла Тағаланың пенделеріне берген нығметі өте көп. Тіпті оны санауға сан жетпейді. Құранда: «Алланың нығметін санайтын болсаңдар, шегіне жете алмайсыңдар» («Ибраһим» сүресі, 34-аят) делінген. Шүкірлікті талап ететін, дінге қатысты нығметтердің ең үлкені – Ислам, иман және Алланы тану нығметі. Алланы тану нығметін «Оның өзі ғана береді» деп сену – сол нығметке деген шүкірліктің белгісі.
Құранда мынадай аяттар бар: «Алайда Алла сендерге иманды жақсы көрсетіп, оны жүректеріңде безендірді» («Хужурат» сүресі, 7-аят); «Егер сендерге Алланың игілігі мен мейірімі болмағанда, ешбіреуің әсте тазармайтын едіңдер» («Нұр» сүресі, 21-аят). Мына әлемнің жаратылысы туралы бір сәт болса да ойланған адам Алланың шексіз нығметтерін тани түседі. Бұл оның шүкірлігінің арта түсуіне себепкер болады. Расында, сіз бен біздің ораза ұстап, Раббымызға жақындай түсуге тырысуымыз – Алланың бізге берген нығметтерінің бірі, мейірімі мен махаббаты.
Тілдің шүкірлігі дегеніміз – Алланың берген нығметін үнемі айтып, сөзбен жеткізіп жүру. Құранда: «Раббыңның нығметі туралы айтып жүр» («Зуха» сүресі, 11-аят) делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың берген нығметін айтып жүрудің өзі – шүкірлік», – деген.
Алланың берген нығметін жасырған адам сол нығметке күпірлік еткен болып саналады. Ал кімде-кім Алланың берген нығметін жариялап, көрсетіп, айтып жүрсе, сол оның нығмет үшін шүкірлік еткені болып есептеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаға шүкірлік айту мен мақтау айтуда бүкіл үмбетіне үлгі бола білді. Ол молшылықта өмір сүруден Раббысын үнемі еске алып өмір сүруді артық санады. Сондықтан ораза кезінде тілімізді жаман сөзден тыйып, тек Аллаға ұнамды нәрселерді ғана айтып жүруіміз керек.
Тәннің шүкірлігі дегеніміз – Алланың бұйырған құлшылығын Оның разылығы үшін орындау. Шүкірліктің амал екенін Құранда білдірген Алла Тағала былай деген: «Уа, Дәуіттің (пайғамбардың) әулеті! Еңбек етіңдер әрі сол арқылы маған шүкірлік етіңдер» («Сәбә» сүресі, 13-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі намаздарын ұзақ оқу арқылы ізгі амалдардың шүкірліктің белгісі екенін көрсетіп, оны бүкіл үмбетіне өнеге етті. Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) келген дерек соның дәлелі. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі намазын ұзақ оқығаны сондай, аяғы ісіп кететін. Мен оған: «Уа, Алланың елшісі, неге бұлай жасайсыз? Сіздің алдыңғы және кейінгі күнәларыңыз кешірілген емес пе?» – дегенімде ол: «Шүкір етуші пенде болмаймын ба?» – деген болатын».
Жанның немесе жүректің шүкірлігі дегеніміз – саған немесе басқа да пенделерге берілген нығметтің бәрі де Алла тарапынан берілгеніне куәлік ету. Алла Тағала былай деген: «Қолдарыңдағы нығмет атаулының барлығы да Алладан келді» («Нахл» сүресі, 53-аят). Қолдағы бар нығметті көріп, сол нығметті берген Алланы танымау шүкірлікке жатпайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы бір ақиқатты баяндап былай деген: «Кімде-кім таңды атырғанда «Аллаһумма мә асбаха бии мин ниғматин әу би ахадим мин халқика, фәминка уәхдака лә шәрика ләка фаләкал хамду уә ләкаш шукру» деп айтса, сол күннің шүкірлігін өтеген болып саналады. Ал кімде-кім осы сөздерді кеш батқанда (мәә әмсаа) айтса, сол түннің шүкірлігін өтеген болып саналады».
Алдыңғы үмбеттерден жеткізілген деректерде баяндалғандай, Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Алла Тағаламен тілдескен кезінде былай деген: «Уа Раббым! Сен Адамды жараттың. Оған рухыңды үрледің. Періштелерді оған сәжде жасаттың. Барлық нәрсенің атауын үйреттің. Бүкіл игілікті бердің. Сол үшін ол Саған қалай шүкірлік етеді?» – деп сұрады. Сонда Алла Тағала Мұсаға (оған Алланың сәлемі болсын): «Ол нығметтердің бәрі де Менен келіп жатқанын білді. Соның өзі – оның шүкірлігі» деп жауап берген.
Алланың берген нығметіне шүкір етудің өзі – шүкірлікті талап ететін үлкен нығмет. Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар: «Уа, Раббым, мен Саған қалай шүкірлік етпейін? Өйткені Саған шүкірлік етуім – Өзің берген үлкен нығмет. Сол нығметтің өзі шүкірлік етуімді талап етпей ме?» – деді. Сонда Алла Тағала: «Енді сенің Маған деген шүкірлігің кемеліне жетті», – деді».
Расында, Алланың бізге беріп жатқан нығметтері өте көп. Адам баласы қасиетті Рамазан айы кезінде бір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін сезінеді. Бұл сезіну оны нәсіп еткен Аллаға шүкір етуге итермелейді. Ораза кезіндегі аштық кедейлер мен кепшіктердің, күнделікті азығын таба алмай адамдардан көмек сұрап жүретін жандардың хәліне енуге итермелейді. Мұндай хәлге түскен адам өзінде бар нығметтердің қадірін терең түсінеді. Бұл түсінік мұсылманды шексіз нығметке бөлеп жатқан Жаратушыға деген шүкірлігін арттырады. Алла Тағала баршамызды Өзіне шүкір еткен құлдарынан еткей. Әмин.
Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы